Осыдан 80 жыл бұрын ел шетіне жау тигенде ер-азаматтар лек-лек болып майданға аттанып, қанқұйлы дұшпанмен ерлікпен шайқасып, сұрапыл соғыста опат болғаны да, тірі оралғаны да мәңгілік даңққа бөленді. Тарихы тереңнен тамыр алатын Зеленая роща ауылынан сол жылдары соғысқа 115 майдангер қатысқан екен. Өрімдей жас жігіттердің 47-сіне туған жердің топырағын қайта басу жазбапты. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» демекші, кейінгі ұрпақ майдангерлер есімдерін әркез ұлықтап, жыл сайын Жеңіс мейрамында үлкен-кіші болып тағзым етумен келеді.
8 мамыр күні Зеленая роща ауылында мерекелік шара ұйымдастырылып, кешегі майдангерлердің ауыл мен қаладағы ұрпақтары бас қосты. Екібастұз қаласынан шақырылған Әкпар қари Отанын қорғап қалған жауынгерлер рухына құран бағыштап, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Орынбасар Әлеев, Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев, ардагер ұстаз – ауыл ақсақалы Қабдылсәмед Зайырбаев сөз сөйлеп, жиналған қауымды Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Ауылдық клуб меңгерушісі Сұңғат Көпежановтың ұйытқы болуымен концерт қойылып, бұдан соң жұрт саябақтағы «Тағзым» монументіне бет алды. Үлкен-кіші қолдарындағы бір тал алқызыл қалампыр гүлін майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің аты-жөндері жазылған мәрмәр тақталарға қойып, бас иді.
Салтанатты шараның ресми бөлімінен кейін спорттық шараларға кезек берілді. Жасанды жабындылы футбол алаңында садақшы жастар мен балалар мергендігін сынады. Ересектер жағы жамбы көздеп, бірінші орынды – Асқар Жәкенов, екінші орынды – Бауыржан Байсүгіров, үшінші орынды Тілек Түсіпов иеленді. Жүлдегерлердің бәрі – Екібастұз қаласынан.
Балалар 10 метр қашықтықтан қалқан нысанасын атып, «Зерде» мектебі оқушысы Асылжан жеңімпаз болып танылды. №36 лицей-мектебінің оқушысы Әсия екінші орынды еншіледі. Айтпақшы, дәстүрлі садақ ату жарысын осы мектептің мұғалімі, Зеленая роща ауылының тумасы – Қайырболат Бейсембековтің ұйымдастырғанын айта кету ләзім.
Асқа жиналған қауым қошқар көтеру жарысын қызығушылықпен тамашалады. Нән қошқарды жергілікті жігіттер – Әділбек Шотабаев пен Дәрмен Сәрсекеев тәп-тәуір көтеріп еді, бірақ қонақтар күш жағынан тіптен басым болды. Ақтоғайлық Нұрбол Бақытбек қошқарды 55 рет көтергенде көрермен: «Жеңіс осы жігіттікі» деп жамырасып қалып еді, олай болмады. Жауырыны қақпақтай, балтыры тоқпақтай Халел Диас қошқарды 86 мәрте көтеріп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Сөйтсек, ол ұлттық спорттың осы түріне әбден машықтанып алған екен. Май ауданы Қаратерек ауылының азаматы былтырғы жылы жаз ішінде той-томалақтарда 18 қошқар ұтып алыпты.
Осы жолғы тойда ер жігіттер емес, қыз-келіншектер қол күрестірді. Мұнда да қонақтар көзге түсті. Ақтоғайлық Лизан Минор жеңімпаз атанып, екінші орынды Ертіс ауданынан Жайран Заитова, үшінші орынды Ақкөл ауылынан Әйгерім Мақажанова иеленді. Әйгерім әйгілі көкпаршы Диас Төлеуовтің анасы екенін айта кетейік.
Арқан тартқан жігіттер қара жердің шаңын шығарды. Әр команда сапында 5 жігіттен болды. Ақкөл ауылының азаматтары финалда «Құдияр» командасын ұтты. Үшінші орын «Жайылма жастары» командасына бұйырды.
Түске дейін созылған спорттық шаралардан соң жиналған қауымға ас берілді. Әлденіп алған жұрт ауыл сыртындағы атшабарға жиналды. Әдеттегідей әуелі тай жарыс болды. Бір айналым – 3 шақырымға жіберілген тайлар ішінен Көкдауыл көмбеге бірінші жетті. Алайда төрешілер Көкдауылдың тай емес, құнан екенін анықтап, иесіне ынталандыру сыйлығын беруді ұйғарды. Көпшілік мұны жөн шешім деп қабылдаған соң, бірінші орынға Ақтоғай ауданы Қарасу ауылының тайы шықты. Иесі – Азамат Ибраев. Азаматтың қосқан тағы бір тайы үшінші орынды еншіледі. Екінші орын Жалаулы ауылы тұрғыны Ораз Қалкеновтің тайына бұйырды.
Жалпы, тай жарыста бес тайға жүлде берілді.
Топ бәйгеге 13 ат қатысты. 12 километр қашықтықта Ямышев кентінің сәйгүлігі Сарыарқа жеңімпаз болды. Ақкөлдік Нұрдәулет Шахметовтің Апорты көмбеге екінші болып келді. Үшінші орын ақтоғайлық Қасиет атты жүйрікке бұйырды.
Әлі жазғытұрым уақыт болғандықтан ба, әйтеуір аламан бәйге аттарға ауыр тиді. 18 километр қашықтықтың соңына дейін Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылының қос жүйрігі ғана шыдады. Сөйтіп, Әсемқасқаның иесі бәйгеге тігілген мотоциклді иеленсе, Золотойдың иесі жылқылы болды.
Жалпы, ат бәйгесі мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жүлдеге бірнеше жылқы мен қара мал, қой, қомақты ақшалай сыйлықтар берілді. Жүлде қорын Зеленая роща ауылы азаматтары көтерді. Осылайша, олар тағы бір мәрте бірліктің үлгісін көрсете білді.
Ж.Жәлелұлы
