Ел ішінде есімі аңыз болып тараған тау тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт үшін тындырған толағай істері ұшан-теңіз. Аға буын оған қанық, ал жас буын жетік білмейтіні анық. 5 ақпан күні «Өнер» мәдениет сарайында өткізілген «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының таныстырылымы осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етті. Кітап авторларының бірі Санжар Керімбай мәдениет сарайына жиналған қауымға мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков жүргізген мәдениет майданы жайлы тұщымды әңгімелеп беріп, тыңдаған жұртты тәнті етті.
Алып держава — Кеңес Одағын билеген коммунистік партия орыстандыру саясатын жүргізіп, өзге ұлттарды өз ділі мен тарихынан, мәдени мұрасынан жұрдай етіп, мәңгүрттендіруді көздегені белгілі. Қазақ халқының көзі ашық, көкірегі ояу парасатты перзенттері мұны сол уақытта-ақ пайымдай білген, ашық күресу қауіпті болғандықтан, ұлттың санасын оятудың түрлі тәсілдеріне жүгінген. Өзбекәлі Жәнібеков 1956 жылы Шымкент облысы комсомол ұйымының бірінші хатшысы болып қызметке келісімен мәдени майдан тәсілін таңдап, қазақ жастарына жалынды ғұмыр кешкен Ғани Мұратбаевты үлгі етуді мұрат етеді. Бұл туралы кітапта былай деп жазылған:

«Осы бір таңғажайып тұлғаның атаусыз кетіп бара жатқаны Өзбекәлінің арқасына аяздай бататын. Одан басқа танымал тұлғаны жарнама жасау қауіпті. Атылмасаң да, айдалып кетесің. Тым болмағанда карьераңа мәңгі бақи крест қойылады. Ол кезде Өзбекәлің тұрмақ, даңқы жер жарған Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов сияқты академиктер осыдан төрт-ақ жыл бұрын қудаланып, Мәскеу жағалап жүріп, әупірімдеп аман қалған. Ал бағы жанбаған Ермұхан Бекмаханов, Қажым Жұмалиев, Бекежан Сүлейменов, Қайым Мұхамедханов, Есмағамбет Ысмаилов сияқты ірі ғалымдардың өзі 25 жылға сотталып кеткен».
Міне, осындай қиын-қыстау шақта Өзбекәлі Жәнібеков жіңішкеден жол тауып, Алматы мен Мәскеуге бірдей жағатын әрі қазақ халқының да жүрегінен орын алған идеал тұлға Ғани Мұратбаев деп ұйғарады.
Небәрі 23 жыл өмір сүріп, 1925 жылы Мәскеуде жалынды ғұмыры үзілген Ғани Мұратбаевтың жарқын істеріне Өзбекәлі Жәнібеков әбден қанық болған және сондай болуға ұмтылған. Санжар Керімбай екі сағатқа созылған дәрісінде Ғани Мұратбаев туралы да айтып өтті.
Сонау 1920-шы жылдары да қазақ даласын аштық жайлаған. Сол уақытта Ғани Тәшкен базарынан ұрлықпен айналысатын алты баланы ұстап әкеліп, интернатқа орналастырады. Солардың бірі — Бейсембай Кенжебаев кейін атақты ғалым болады. Сөйтіп, ол өз кезегінде қазақ тарихы мен әдебиетін тереңдеткен ғалымдар шоғырын, атап айтқанда, Мұхтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков, Немат Келімбетов, Рымғали Нұрғалиев, Алма Қыраубаева, Қойшығара Салғараұлы, Ханғали Сүйінішәлиев, Құлбек Ергөбекті тәрбиелеп шығарады.
Ғани Мұратбаевтың қамқорлығын көрген қазақ жастары санатында атақты әртіс Құрманбек Жандарбеков, мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов және тағы басқалары болғанын айта кету ләзім. Коммунистік партияны басқарып отырған, қазаққа пиғылы жат функционерлермен күресе жүріп Өзбекәлі Жәнібеков 1965 жылы Шымкенттің төрінде Ғани Мұратбаевтың ескерткішін қойғызады. Қазақстан комсомолы көсемі Өзбекәлі Жәнібеков Мәскеудегі Ваганьков зиратына бірнеше рет экспедиция жіберіп, Ғани Мұратбаевтың қабірін іздетіп, моласын тауып, басын қарайтып, арнайы жиын ұйымдастырады. Ғанидың моласын Мәскеуге жолы түскен қазақ жастарының арнайы зиярат ететін міндетті маршрутына енгізеді.
Жас ұрпақтың рухын көтеру үшін адам жас кезінде ұлтшыл азаматтардан тәлім-тәрбие алуы керек. Өзбекәлі Жәнібеков үшін сондай тұлға Мәдениет министрі Ілияс Омаров болған. Тағы да кітапқа жүгінейік:
«Әділдігін айту керек, Өзбекәлінің батыл қимылдап, шұғыл шешім шығаруы сол кездегі Мәдениет министрі Ілияс Омаров сияқты ұлтшыл азаматқа да байланысты. Ілияс мәдени майданда Өзбекәлінің идеясын қолдайды. Оған қарсы ұйымдастырылған интригаларға кеудесін тосып, оны қорғайды».
Ілияс Омаровтың қызмет кабинетінде Темірбек Жүргеновтің портреті ілініп тұрыпты. Ол Темірбек Жүргеновтің шәкірті емес, бірақ мәдени майданда оны пір тұтқан. «Халық жауы» атанып атылып кеткен мәдениет министрі Темірбек Жүргеновтің қазақ кәсіби театрын ұйымдастырып, әнші Күләш Байсейітованы, биші Шара Жиенқұлованы, өзге де атақты әртістірді топтастырып, 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің онкүндігінде жарқыратып танытқанын тарихтан білеміз.
Айтпақшы, дәріс үстінде сол онкүндікте түсірілген деректі кадрлар көрсетілді. Енді Ілияс Омаровтың ұлтымыздың келешегі үшін тындырған бірқатар шаруасын айта кетелік. 1943 жылы Алматыда ақындар айтысын ұйымдастыруға мұрындық болған, Дина Нұрпейісованы Оралдан Алматыға алғызып, күй орындауын бейнетаспаға жазғызған. 1944 жылы Құрманғазы атындағы консерватория мен Қыздар пединститутын ашуға да тікелей қатысқан. Ермұхан Бекмаханов пен Қажым Жұмалиевті кабинетіне шақырып алып, қазақ тарихын қайта жазуды тапсырған. Ұлтшыл азаматтан қауіптенген билік оны Солтүстік Қазақстанға хатшы етіп, «мәдени ссылкаға» жібереді.
«Бұл жаққа келген соң да «қауіпті» ісіне кірісті. Себебі мұнда Ыбырай Алтынсарин жатқан. Енді соның басын қарайтып, моласын киелі мекеннің біріне айналдыруды қолға алды. Себебі ұлт ұстазы — Ыбырайдың қабірі де, соққан мектептері де, жазған еңбектері де қараусыз қалған десе болады. Ең қызығы, Ілияс Омаров бала кезінде осы Ыбырай Алтынсарин мектебінен түлеп ұшқан. Бұл жерде оған «адамдық борыш» деген рухани дертті Бекет Өтетілеуов жұқтырды. Бекет «Қалың мал» романының авторы Спандияр Көбеймен бір сыныпта оқыған. Ыбырай Алтынсариннен тікелей тәлім алған. Ал Бекеттен Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин және Ілияс Омаров дәріс тыңдап еді» дейді «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы парақтары.
Үш жылдан соң Ілияс Омаров Алматыға оралып, «Қазақфильмге» директор болып тағайындалады. Айтпақшы, 1959 жылы ол қызметке кіріскенде «Қазақфильм» «Ленфильмнің» филиалы болып, «Алма-Ата» атанған екен. Ілияс Омаровтың күш-жігері, табандылығы арқасында «Қазақфильм» аталып, дербес киностудия болады. Ол жазушы Ғабит Мүсіреповке «Қыз Жібек» көркем фильмінің сценарийін жазғызады.
— «Қыз Жібек» фильмінің ішіне көне түркі дәуірінен қалған мәдени элементтің бәрін сыйғызуға тырысқан. Бекежан мен Төлегеннің сауыты мен қалқанына түркі дәуірінде культ болған жыртқыш құстар мен барыс бейнеленген. Алтай қорғандарынан табылған аққу мен әтештің фигураларын киіз үйдің ішін сәндеуге қолданған. Кинода батырлар арқалап жүрген тайқазан да сақ стилінде құйылған. Тіпті көрермен байқамайтын мынадай эпизод та бар: Сырлыбай асатаяғын жонып отырғанда, оның сабында руна жазулары анық көрінеді. Тау-тас арасындағы көне петроглифтер, руна жазулары, балбал тастар жанама түрде насихатталады. Әруақты құрметтеп, бабалар рухына тағзым ету деген қазақы дәстүр де дәріптеліп үлгерген, — дейді Санжар Керімбай дәрісінде.
Дәрісте «Қыз Жібек» фильмінен үзінді көрсетілген соң Санжар Керімбай «Я, аруақ!» сөзі рух беретінін айтып, қазіргі қазақтардың діншіл болып, аруақтан безгеніне қынжылыс білдірді. Қазақ халқы ежелден әулие-әмбиелерді де пір тұтты емес пе. Осы орайда ол Қажымұқан палуанның Баба түкті шашты Әзиз әулиенің басына түнеп күш алғанын, әйгілі сазгер Шәмшіні құрсағында жатқанда анасы сол әулиенің басына барып тірілтіп алғанын айтып өтті.
Бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған Өзбекәлі Жәнібековтің ұлтымызға тигізген пайдасы ұстазы Ілияс Омаровтан еш кем емес.
1968 жылы Болгарияның астанасы Софияда жастар мен студенттердің дүниежүзілік ІХ фестивалі болады. Қазақстан комсомолы басшысы Өзбекәлі Жәнібеков осы фестивальға елімізден бір өнерпаздың қатысуына күш салып, ақыр аяғы Мәскеумен келіседі. Қостанайдан биші қыз Гүлжан Талпақованы алғызып, бастан-аяқ киіндіріп, шеберлігін шыңдатады. Әуелгі жоспарда Гүлжан оркестрдің сүйемелдеуімен билеуге әзірленген екен, Софияға барған соң жағдай өзгеріп, өзбек аспабы дойраның сүйемелдеуімен билейтін болады. Гүлжан оған да көнеді. Бірақ сахнаға шығар түні «сенің орныңа өзбек қызы билейтін болды» деген әмір сөз үстіне суық су құйып жібергендей болады. Қасындағы құрбы қызының ақылымен дереу қонақүйдегі Өзбекәлі Жәнібековті іздеп тауып, болған жайды баян болады. Комсомол хатшысы мәселеге шұғыл кірісіп, оң шешіп, Гүлжанға сәттілік тілейді. Биші қыз қамқор азаматтың үмітін ақтап, күміс медаль жеңіп алып, Орта Азия елдерінің атақты бишісіне айналып, кейін 50-дей шет елде өнер көрсетеді.
Айтпақшы, Гүлжанға ақыл қосқан әйгілі әнші, молдаван қызы София Ротару екен. Ол сол жолы фестивальда алтын медаль олжалапты.
«Кремльдің тапсырмасын бұлжытпай орындауды ғана білетін функционер шенеуніктерге ізденімпаз, ұлтшыл, жасампаз жас комсомолдың арындап алға жылжуы қауіпті көрінді». Осылайша, ол Торғай облысына үшінші хатшы етіп жіберіледі. Бұл уақытта Торғай облысы тозып тұрған еді. Мамандығы тарихшы Өзбекәлі Жәнібеков өлке тарихын жақсы білетін. Алғыр азамат бірінші хатшы Сақан Құсайыновтың қолдауына сүйеніп, идеологиялық жұмысқа ұлттық сипат береді. Қазақ мектептерінің санын көбейтіп, «Торғай таңы» газетін ашқызып, қазақ радиосын сайратып қояды. «Қонаев бір сапарында Торғайға соғады. Азанда «Арқалықтан сөйлеп тұрмыз» деген дауысты естігенде селк ете қалады. Фонында «Амангелді» фильміндегі әсерлі әуен ойнап тұрған. Қатты әсерленген Қонаев таңданысын жасыра алмай: «Мен бүгін Өзбекәлі соққан қоңыраумен ояндым» депті».
Өзбекәлі Жәнібеков 1971 жылы Арқалықта «Торғай әуендері» фестивалін ұйымдастырып, қолөнер, салт-дәстүр жауһарларын жұртқа көрсетеді. 1973 жылы көктемде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын тойлатады. Сонымен бірге, ұлтшыл азамат Арқалықта музей ашады. Музейдің бірінші бөлімін «Қазақ мәдениетінің түп бастауы» деп атап, екінші бөлім жергілікті тайпалардың тастағы бейнелеу өнеріне арналады. Үшінші бөлімге «Сақтан қазаққа дейін» атауы беріліп, төртінші бөлім қазақтың этнографиясы мен тұрмыстық мәдениетіне арналады. Мұның өзі қазақ халқының тарихы тереңде екенін, мәдениеті керемет болғанын паш етіп, ұлт санасының оянуына серпін беріп, Өзбекәлі Жәнібеков стратегиялық мақсатына қол жеткізе түседі. Соның тағы бір айғағы — Арқалықта қазақ театрын ашып, театр арқылы ел-жұртқа рухани тәрбие береді және 1971 жылы ақын Мұхтар Шаханов пен сазгер Шәмші Қалдыаяқовты Арқалыққа шақырып алып, «Арқалықтың ақ таңы» әнін жазғызады.
Айтпақшы, «Өнер» сарайындағы кеште бұл әнді «Жай қоңыр» ұлт аспаптар ансамблі орындады.
Мәдениеті түлеген Торғай облысының экономикасы да өрге басып, аты Одаққа тарайды. Күншілдер мұны көре алмай, Өзбекәлі Жәнібековті сүріндірудің айла-шарғысына кіріседі. «Көп кешікпей Өзбекәліні қырық сылтау, бір желеумен Алматыға алдырып, Орталық партия комитетінің «Сыртқы байланыс» бөліміне басшы етіп бекітті». Жаңа қызметінде ұзақ сыйғызбайды, 1977 жылы Мәдениет министрінің орынбасары болып тағайындалады. Көшелі де кемеңгер тұлға тағы да мәдени майданды қыздырады. Яссауи, Арыстан баб, Айша бибі тарихи ескерткіштеріне ғылыми-зерттеу жүргізуге, реставрация жасауға жұмсалатын қаржыны он есе өсіртіп, үлкен ерлік жасап, 1989 жылы Ленинградтан киелі Тайқазанды Түркістанға қайтарады.
«Өзбекәлі Жәнібеков Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы болып тағайындалған соң, қауіпті майданға кірді. Ол — Бес Арысты ақтау кезеңі». Өзбекәлі Жәнібеков естелігінде: «Әсіресе, Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақыптың «ісін» қайта қарайтын ОК-тің комиссиясы жұмыс істей бастағанда, «алашорданы ақтап жатыр», — деп өзіме шабуыл жасағысы келгендер неден де болса тайынар емес» деп жазыпты.
Төл мейрамымыз — Наурызды халыққа қайта қайтарған да Өзбекәлі Жәнібеков. 1988 жылы Алматыда Наурыз мейрамы тойланады, ал 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстанның «Тіл туралы» Заң қабылдауына ықпал етті.
Ұлтымыздың асыл перзенті Өзбекәлі Жәнібеков 1991 жылы 25 тамызда алпыс жасқа толып, зейнетке шықты. 1998 жылы өмірден өтіп, өзінің аманатымен Арыстан баб кесенесінде жерленеді.
«Өнер» мәдениет сарайына жиналған үлкен-кіші сүттей ұйып тыңдаған дәрісін аяқтаған Санжар Керімбай: «Арыстан баб кесенесіне сапарлап барғанда Өзбекәлі Жәнібековтің қабіріне зиярат етіңіздер», — деді. Енді мазмұнды дәрістен түйген ойымызды бөлісейік. Санжар Керімбайдың мақсаты тау тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің ұлтқа сіңірген еңбегін дәріптеу арқылы жас буынды «қуыс кеуде» болып өспеуге үндеу. «Қуыс кеуде» — бүгінгі күнгі смартфоннан күндіз-түні көз алмайтын, жанарындағы сәулесі сөніп, бей-жай ауруға шалдығатын жеткіншек ұрпақ. Смартфон оқпанына жұтылған сол ұрпақты құтқарудың жолы — ұлт тарихын, әдебиеті мен мәдениетін білуге ұмтылдырып, санасын сергітіп, жүрек отын жағып, бойына ізгіліктің дәнін сіңіру. Осы тұрғыдан алғанда Санжар Керімбайдың дәрісі тыңдаған адамды ой теңізіне сүңгітіп, көкірек сарайын нұрландырғаны анық.
Ж.Жәлелұлы




