Тарих қойнауына кеткелі тұрған 2024 жыл екібастұздықтар үшін екі-үш айтулы оқиғамен түйінделді. Сонау 1988 жылы пайдалануға берілген теміржол вокзалы ғимаратының іші-сырты әбден тозып, жолаушыларға жайсыздық туғызып тұр еді.
Енді, міне, қала қақпасы саналатын сол вокзал күрделі жөндеуден соң құлпырып шыға келді. 26 желтоқсан күні Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен келген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов теміржол бекетіндегі игі өзгерістерді оң бағалады.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Кашкиров аймақ басшысына мердігер компания — «Павлодар Рем Комплекс» ЖШС атқарған жұмыстарды көрсетіп шықты. Сөз арасында жобаны қаржыландырған компания 960 миллион теңге қаржы бөлгенін айта кетелік. Бұл қомақты қаржы жылу, кәріз, сумен жабдықтау жүйелерін жаңалауға, жарықтандыруға жұмсалыпты. Сонымен қатар, вокзалдың екінші қабатында балалардың шағын ойын бөлмесі, хостел, ана мен бала бөлмесі, намазхана және т.т. жасалыпты. Вокзал директоры Максим Соловьевтің айтуынша, хостелдің екі бөлмесін тегін, екі бөлмесін ақылы ету жоспарланып отыр.

Екінші қабатта, сондай-ақ, шағын асхана жұмыс істейтін болады. Ал үшінші қабаттағы бөлмелер кәсіпкерлерге жалға беріледі. Бірінші қабатта халыққа қызмет көрсету орталығының өз-өзіне қызмет ету секторы ашылады. Анықтама бюросы, кассалар, дәріхана да осы бірінші қабатта орналасқан. Электронды таблодан жолаушылар үшін пайыздар қозғалысы кестесі көрсетіліп тұрады. Жолаушылар демекші, аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы олармен де пікірлесуге уақыт бөлді.
— Жаңарған вокзал бәрімізге ұнады. Жылы әрі жайлы, — деп бірауыздан ризашылық білдірген жолаушылар алдағы уақытта «Павлодар — Алматы» бағытындағы №45 және №46 пойыздар маршруты қайта қалпына келтірілсе деген тілектерін айтты.
Қорыта айтқанда, жаңаланған теміржол бекеті көрікті ғимаратқа айналып, шаһар сәніне сән қосып тұр. Ең бастысы, мұнда жолаушылар үшін қажет нәрсенің бәрі бар.
Ж. СӘДУАҚАС