26 желтоқсан күні Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «Өнер» мәдениет сарайында Екібастұз қаласының жұртшылығымен жүздесті. Есептік кездесуде аймақ басшысы 2024 жылы атқарылған жұмыстарды қысқаша қорытындылап, 2025 жылға белгіленген міндеттерді атап өтті.
— Атқарушы биліктің мақсаты аймақ тұрғындарының тұрмысы мен әл-ауқатын жақсарту болып табылады. Бұл орайда, біршама оң өзгерістер болып, соның нәтижесінде арыз-шағымдар екі есеге азайды. Нақтырақ айтқанда, тұрғындар тарапынан 4800 өтініш жасалып, соның 73 пайызы оң шешілді, — деген облыс әкімі Асайын Қуандықұлы ары қарай Екібастұз қаласының шырайлана түскенін тілге тиек етті.

Атап айтқанда, 116 аула жарықтандырылғаны, 50 аула мен 24 әлеуметтік нысан аумағы асфальтталғаны сөз болды. Сонымен қатар, 66 балалар алаңшасы, 20 футбол, 10 хоккей корты жасалғаны да айтылды. «Қайнар» ББК-нің бассейні жаңартылып, жыл аяғында балаларға тамаша тарту — «Самғау» шығармашылық орталығы іске қосылды. «Шахтер» саябағын реконструкциялау жүргізіліп жатыр. Ал теміржол вокзалын реконструкциялау аяқталды. Бір жыл ішінде 47 жаңа автобус сатып алынып, қоғамдық көлік паркі 100 пайыз жаңаланды.
Енді 2025 жылға жасалған жоспарлар туралы айтар болсақ, 5 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, инклюзивтік балабақша пайдалануға беріледі.
Жалпы, 25 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Мәселен, инфрақұрылымды жаңалауға 40 миллиард теңге сомасында инвестиция құйылады. №5 және №7 жылу магистральдары жаңаланады. Өнеркәсіп жайлы сөз қозғасақ, үш жаңа зауыт іске қосылып, 1700 жұмыс орны пайда болады.

Қоғам белсендісі А.Разумовский тозығы жеткен орамішілік жылу құбырлары әлі көп екенін айтып еді, аймақ басшысы 2024 жылы қашықтығы 70 километр осындай құбырлар жаңаланғанын тілге тиек етіп, 2025 жылы бұл жұмыс жалғасын табатынын айтты. Ал ЖЭО-нда электр қуатын өндіруге мүмкіндік беретін турбина орнату мәселесін «Самұрық Энерго» АҚ басшылығы қарастырып жатыр екен.
Екібастұз — Майқайың кенті аралығындағы тас жолдың сапасы көңіл көншітпейтіні белгілі. Аталмыш жолды толық асфальттау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр екен. Қашықтығы 45 километр жол екі жыл ішінде асфальтталады.
Қала тұрғыны Елена Алексеевна экология мәселесін сөз етіп, қалаға эколог штатын қайтаруды өтінді. Аймақ басшысы бұл өтініш қанағаттандырылатынын айтты.
Қоғам белсендісі Мырзағали Ерғалиев облыс пен қала басшылығының атқарған қыруар шаруасын оң бағалай келе, «Исабек ишан» діни-мәдени кешенінде КБМ құрылғысын орнату проблемасын шешіп берген аймақ басшысына ризашылық білдірді.
«Бағалай білгенге бақ қонады» демекші, соңғы екі-үш жыл ішінде Екібастұз қаласы мен өңірінде көптеген игі іс жүзеге асырылды емес пе. Жақсылықты көре білу — кісілік. Ендеше, мысық тәрізді көз жұма бермей, дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп әділін айта білсек, құт-берекеміз арта түсері кәміл.
Аймақ басшысының есептік кездесуі салтанатты рәсіммен түйінделді. Мемлекет басшысы Жарлығымен көп жылғы адал еңбегі үшін «Қайнар» ББК қызметкері Маргүл Гумарова мен «Ангренсор» ЖШС машинисі Серік Абельдинов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Ж. Жәлелұлы