Мәшһүр Жүсіп көшесі бойындағы дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы көптілді лицей-интернатында 206 бала білім алып жүр. Мұнда жергілікті балаларға қоса, еліміздің өзге де аймақтарынан келген ұлдар оқиды. Осы күнге дейін олар үшін жатақхана ашу маңызды мәселе болып еді. Биылғы жылы атқарушы билік бұл шаруаның да орайын келтіріп, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 96 орындық жатақхана іске қосылды.
Кеңес заманында бұл ғимаратта №4 кәсіптік-техникалық училище орналасқаны белгілі. Ал 2019 жылы мұнда лицей-интернат көшіріліп, оқу кабинеттеріне күрделі жөндеу жүргізілген-ді. Алайда жатақхана қаланың басқа бөлігінде болғандықтан, шәкірттердің қатынауына қолайсыздық тудырып келген болатын.

— Биыл облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, бұрынғы шеберханаларды жатақхана етіп қайта жарақтадық. Әрі асхана ашылды, — деді ризашылықпен білім мекемесінің басшысы Серік Қалдыхан.
Лицей-интернаттың тыныс-тіршілігінен біраз хабардар болған аймақ басшысы әуелі жатақхана бөлмелерін, асхананы көріп, содан соң тарих кабинетінде 11-сынып оқушылары Алан Мусин, Диас Шукеев, Ринат Әбілқай және тағы басқаларымен әңгімелесіп, пікір алмасты.

Балаларына толыққанды білім алуға жағдай жасалғанына ата-аналар да қуанышты екен.
— Үш баланың анасымын. Үлкен ұлымыз Темірлан осы лицейді тәмамдаған соң Польшада оқып, қаржыгер мамандығын меңгерді. Екінші ұлым Дамирлан осында 11-сыныпта оқып жүр. Сапалы білім заманауи білім ордасында беріледі. Мұнда балаларымыздың алаңсыз оқуына барлық жағдай туғызылып отыр, — деген Самал Тілегенова ата-аналар атынан облыс әкіміне ризашылық білдірді.
Аймақ басшысы қоштасарда балалармен суретке түсіп, оларға жарқын болашақ тіледі.
Жассерік Жәлелұлы




