Қала әкімі Аян Бейсекиннің халық алдындағы кезекті есеп беру кездесуі Қоянды ауылдық округіне қарасты Құрылысшы ауылында өтті. Жиын барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салды.
Ауыл халқын мазалап тұрған негізгі мәселе — байланыстың нашарлығы. «Өзім онлайн жұмыс істеймін, WiFi желісі өшіп қалған жағдайда «Теле2», «Beeline» мобильді байланыс желілері мүлде ұстамауы көп кедергі туғызады», — дейді ауыл тұрғыны Айғаным Аймағанбетова.

Құрылысшы тұрғындарын алаңдатып отырған келесі жайт — қыс мезгілінде қар басқан жолдың тазаланбауы. Жұмысқа барып-қайту, жедел жәрдем қызметінің кедергісіз қатынауы — ауыл азаматтары үшін өзекті мәселе болып отыр екен. Қала әкімі өз сөзінде бұл жағдайды шешу үшін барлық округтер мен ауылдарға бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенін және алдағы уақытта тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Бұнымен қоса, Қоянды ауылынан келіп жиынға қатысқандар көше жолдарын асфальттауды өтінді. Қала басшысының айтуынша, алдағы жылы оған қаражат бөлуге мүмкіндік жоқ. Жалпы, ауылдық елді мекендердің ішкі жолдарына асфальт төсеу бірте-бірте жүзеге асырылатын болады.
Кездесуде ауыл тұрғыны Ағира Нұрымова ауылға кіреберіс жол бойында жол белгілерінің жоқ екенін айтты. Сонымен қатар, ескі ойын алаңқайын жаңарту керектігі де тілге тиек болды.
— Көшеде балалардың ойын алаңқайы бар, бірақ өкінішітісі, әбден ескірген. Ал ауылда бала көп. Балалардың игілігі үшін ескі алаңқайды жаңартып берсе, — дейді ауыл тұрғыны.
Түйіндесек, қала әкімі тұрғындар айтқан барлық мәселе бақылауға алынып, алдағы уақытта біртіндеп шешілетінін мәлімдеді. Және оның орындалуын ауылдық округ әкімі Ержан Уразалимовқа қадап тапсырды. Кездесуге қала әкімдігінің бөлім басшылары қатысқандықтан, айтылған мәселелер қадағалауға алынатын болады.
Ділназ Серікбай