22 желтоқсан күні «Жасыбай» спорт кешеніне асықшылар жиналды. Мұнда Павлодар облысы асық ату федерациясының жүлделері үшін ашық чемпионат өткізілді. Ашық чемпионатқа Астана қаласы, Жамбыл мен Абай облыстарынан да спортшылар келді. Сонымен бірге, Павлодар қаласы, Павлодар, Баянауыл, Тереңкөл аудандары, Ақсу мен Екібастұз қалалары асықшыларынан құралған командалар да бақ сынап, жиынтығы 18 команда 3 топқа бөлініп шеберлік байқасты.
Атап өтерлік жайт, қазіргі уақытта асық ату спортына қызығушылық артып отыр. Ұлттық спорттың осы түрін дәріптеу мен насихаттауда облыстық федерация басшылығы ауқымды шараларды жүзеге асыру үстінде. Жиі-жиі жарыстар ұйымдастырып, облыс асықшыларының халықаралық турнирлерге шығуына жағдай туғызуда.

— Биылғы жылы асық ату спортының халықаралық федерациясы құрылып, оған 12 ел мүше болып кірді. Қыркүйек айында алғаш рет әлем чемпионаты болып, онда 16 елдің командасы ойнады. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы І орынды иеленіп, чемпион атанды. Қырғыз спортшылары жүлделі ІІ орынға, тәжіктер ІІІ орынға табан тіреді. Қазақ спортшыларының жетістігіне Павлодар облысы асықшылары қомақты үлес қосып келеді. Астанада өткен Көшпенділер ойындарында ел командасы чемпион болғаны белгілі. Команда құрамында екібастұздық Жомарт Нұрланов пен тереңкөлдік Керім Жаздықбай ойнады. Ал Түркияның Анкара қаласында болған Әлем кубогы жарысында ел құрамасы сапында павлодарлықтар Саят Қизат, Қабылда Қуаныш және Әмірбек Қанат жеңімпаз атанды, — деді бізге берген сұхбатында Павлодар облысы асық ату федерациясы директоры Қалибек Қуанұлы.
Сөз болып отырған турнир күнұзаққа созылып, әр топта бірінші және екінші орындарды иеленген командалар өзара ақтық сында шеберлік байқасты. Нәтижесінде Абай облысы командасы жеңімпаз болып, Баянауыл ауданы ІІ орынды, ал Жамбыл облысы ІІІ орынды қанағат тұтты. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға медальдар, дипломдар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Облыстық ашық чемпионаттың демеушісі облыстық асық ату федерациясы президенті, облыстық мәслихат депутаты Сәбиден Мантыков болғанын атап өту ләзім.
Ж.Бұланбай