Достық үйінде «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияда сөз алған бірлестік төрайымы Мәруаш Сағындықова «Ана ұлағаты» құрамындағы әжелердің атқарған жұмыстарына тоқталды.
Алғаш «Мұсылман әйелдері лигасы» болып ашылған бірлестіктің атауы 2016 жылы «Ана ұлағаты» деп өзгертілген болатын. Бірлестік құрамындағы әжелер өңірдің қоғамдық-мәдени жұмысына белсене араласып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру жұмыстарына қолдау көрсетіп келеді. Осы орайда қалыпты емес формадағы кездесулер, психолог, әлеуметтік педагог, ата-аналар қатысқан «Туған жерге тағзым» саяхат-сабағы, басқа да көптеген тәрбиелік мәндегі шаралар өткізіліп жүр.
Отырыста «Ана ұлағаты» бірлестігімен тығыз жұмыс іс-теген Қазынагүл Алпысбаева, Мәдина Боранова сөз сөйлеп, қызметін тапсырған Мәруаш Сағындықоваға алғысын білдірді. Ардагер ұстаз Жеңіс Шанаққызы бірлестікті маңызды шаруалармен айналысып, келелі істер атқаруға шақырды.
Келесі сәтте басқарма мүшелері іріктеліп, әжелер алқасының құрамы бекітілді. Бұдан кейін басқарма мүшелері араларынан жаңа төрайым сайланды. Бұдан былай «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігін Гүлнәр Сәрсенбинова басқаратын болады.
Кенже ҚУАТ