Желтоқсанның 25-і күні Солнечный кентінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен күрделі жөңдеуден өткен спорт кешені — бассейн іске қосылды. Жөндеу жұмыстарын мердігер — «Дизайн Құрылыс проект» компаниясы жүргізді.
Нысанның лентасын кесу құрметі Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекинге, «Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов пен МАЭС-2 станциясының қызметкері, самбодан ардагерлер арасында әлем чемпионы Дәурен Мұқышевқа берілді.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың айтуынша, кешенді реконструкциялауға шамамен 360 миллион теңге жұмсалған.
— «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында бұқаралық спортты дамытуға айтарлықтай назар аударады. Қордың қолдауымен соңғы бірнеше жыл ішінде 13 заманауи спорт кешені мен 30-ға жуық спорт алаңы салынды. Алдағы уақытта да қолжетімді спорт инфрақұрылымын дамыту бастамаларын қолдауды жалғастыратын боламыз, — деді Ғибрат Қайратұлы.
Кешенде жылыту, сумен жабдықтау, сүзгілеу, ішкі желдету және салқындату жүйелері жаңартылып, сондай-ақ, ғимараттың ішкі және сыртқы келбеті жаңаланған. Бұл кешен Екібастұз МАЭС-2 станциясының базасында орналасқан («Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес кәсіпорны). Сондай-ақ, Солнечный кентіндегі ең үлкен спорттық инфрақұрылым нысаны болып табыла алады. Мұнда күн сайын 60-қа жуық адам жүзумен шұғылданады. Бұл игілікті тек станция қызметкерлері ғана емес, жергілікті тұрғындар да көрмек. Кәсіпорын қызметкерлері, балалар және әлеуметтік осал топ өкілдері үшін жаттығу тегін ұйымдастырылған. Сонымен қатар, кешенде жыл сайын спартакиадалар мен жүзу жарыстары өткізіліп, келешек чемпиондар тәрбиелеу ісіне көңіл бөлінбек.
Ділназ Серікбай