Биылғы қыс әзірге жұмсақ болып тұр емес пе. Отын-суын сайлап, мая-мая шөбін үйіп алған ауыл халқының, қыстақ жайлы өтіп жатқандықтан, көңілі тоқ. Академик Әлкей Марғұлан ауылы клубында өткен қала әкімінің есептік кездесуіне жиналған қауым тарапынан артық-ауыс сөз болған жоқ.
Ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Захар Ильин елді мекенде әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер шешімін тапқанын айта келе, жедел жәрдем көлігі мен дәрі-дәрмек проблемасын көтерді.

Екібастұз қаласындағы №3 емхананың бас дәрігері Тоғжан Қабылтаеваның айтуынша, ауылға «УАЗик» көлігі бөлініпті. Ауыл әкімі Бауыржан Бозтаев енді сол көлікке жүргізуші қарастырып жатыр екен.
Айтпақшы, Әлкей Марғұлан ауылында екі жылдан бері ФАП құрылысы аяқталмай тұр. Мердігер фирма — «ГрадСтройСервис» ЖШС мойнына алған жұмысты жүрдім-бардым атқарып табан жалтыратыпты. Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы мердігерді сотқа беріп, жұмысты аяқтау үшін қайтадан конкурс жариялап жатыр екен. ФАП іске қосылған соң ішінде дәріхана ашылады, ал оған дейін медбике қажетті дәрі-дәрмекті қаладан жеткізіп отырмақшы.
Әлкей Марғұлан ауылында шаруашылық ұстайтын қалалық мәслихат депутаты Жанат Ибраев елді мекеннен бірсыпыра қашық Аяқ Қожан мыс кен орнының жүк көліктері жауын-шашында жол іздеп, даланы шиырлап, біршама жайылымдық жерді бүлдіргеніне шағынды.
Ауыл әкімі Бауыржан Бозтаевтың сөзіне қарағанда, аталмыш фирма грейдер жолға қиыршық тас төсеуге кірісіпті. Ендігі уақытта жүк көліктері сол грейдермен жүрмекші. Сөз арасында айта кетелік, мыс өндіруші кәсіпорын биыл көктемде су тасқыны болғанда қаржылай көмек көрсетіп, жергілікті мектептегі іс-шараларғада демеуші болып жүреді екен.
Сөз басында айтқанымыз-дай, ауыл тұрғындары билікті мазалаған жоқ. Қайта орталықтандырылған су құбырының игілігін көріп отырғандарын, ауылға өрт сөндіру техникасы берілгенін айтып, ризашылық білдірді.
Қала әкімінің келесі кездесуі Шиқылдақ ауылы клубында өтті. Мұнда да проблема жоқтың қасы екен. Ауыл тұрғыны Шәріпжан Бейсенов жаз бойы электр жарығының жиі өшірілгеніне арызданды. Қазір де жағдай түзеліп кетпеген сияқты.
— Күндіз электр қуаты 220 вольт болса, ымырттан соң 180 вольтқа төмендеп шам сығырайып қалады, — деген Шәріпжан Бейсеновтің сөзін жиналған қауым қостай жөнелді.
«Бақсақ, бақа екен» демекші, Шиқылдақ ауылы электр қуатын Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың сорғы станцияларынан алатын көрінеді. Әлгі сорғы станцияларында жазда жөндеу жұмыстары жүргізілгенде ауыл тұрғындары жарықсыз қалып, қиындық көруде. Мәселені зерделей келе, қала басшысы Аян Бейсекин электр желілерінің тозғанын, энергия тасымалдаушы кәсіпорындар инвестиция құйып, желілерді бірте-бірте жаңалап жатқанын түсіндіріп, бұл жұмыс кемі 3-4 жыл бойы жүргізілетінін айтты. Ал Шідерті кентінен тікелей электр желесін тарту — тым қымбат.
Кездесу аяқталған соң ауыл әкімі Гүлнәр Еңсебаевадан биылғы жылдың жемісі жайлы сұрадық. Оның айтуынша, екі пәтерлі жаңа үй салыныпты. Оның бір жағына мектеп директоры, екінші жағына учаскелік полиция инспекторы қоныстанады.
Сонымен қатар, ауылда «Болашақ» шаруа қожалығының иесі Сәуле Тәкішева «Айдабол» деп атаған азық-түлік дүкенін ашып, ауыл балалары үшін қала бюджетінен бөлінген қаражатқа жасанды жабындылы футбол алаңшасы жасалып, айналасы жарықтандырылыпты.
Ж. СӘДУАҚАС