№18 қазақ мектебінде болған қала әкімінің есептік кездесуіне №№8, 8 «А», 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15 шағынаудандардан небәрі 5-6 адам қатысты. Бұрынғыдай емес, қазіргі уақытта атқарушы билікке қойылатын сұрақ та азайды. Билікпен байланысқа шығу үшін тұрғындар бүгінде әлеуметтік желі мүмкіндіктеріне жүгінетіндіктен, есептік жиындардың қажеттілігі, біздің ойымызша, шамалы тәрізді.
Сол 5-6 адам арасынан Елена Алексеевна экология мәселесін көтерді. Жыл сайын мыңдаған түп ағаш отырғызылса да, солардың жерсінуі көңіл көншітпейтінін айтқан ол алдағы уақытта жоспарлау кезінде оған табиғатты қорғау қоғамдық бірлестігі мүшелерін қатыстыруды өтінді. Қала әкімі бұл ұсынысты мақұл көріп, құзіретті органдарды міндеттеді.
Қар не жауын-шашыннан соң көктайғақ болмауы үшін көше жолдары мен тротуарларға реагенттер себілетіні белгілі. Біреулер мұны жөн көрсе, енді біреулер сөгіп жатады. Такси жүргізушісі Хиса Жампейісов: «Құрғақ қар түссе, реагент төсеу қажет емес сияқты. Құмға араластырылған тұз жиі себілсе, асфальтті тез тоздырады», — деп еді, қала басшысы Аян Уахитұлы: «Реагенттер себудің белгіленген нормативі мен тәртібі бар. Коммуналдық қызметтер сол бойынша әрекет етеді. Сондықтан олардың ісіне араласуға хақым жоқ», — деп жауап берді.
Есептік жиында, сонымен қатар, жаңбырдан кейін көше жолдары қапталына су жиналып, жаяу жүргіншілерге қолайсыздық тудыратыны айтылып еді, қала басшысы мұндай проблема бар екенін мақұлдады. Өйткені біздің қаламызда дренаж жүйесі әуелгіде ескерілмеген. Қар суы мен жаңбыр суы кәріз жүйесі арқылы ағызылады да, бұл құбырлардың бітелу қаупін тудырады. Десек те мәселе биліктің қаперінде, мәселен, М.Әуезов көшесіне реконструкция жасалғанда ағын су жүйесі ескерілетін болады.
ІІ топ мүгедегі А. деген азамат қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрғанын тілге тиек етіп, «Азық-түлік бағасы осылайша өсе бере ме?» — деп сұрады.
— Азық-түлік бағасы өспейді деп айта алмаймын. Біздің міндет — әлеуметтік мәндегі азық-түлік түрлеріне белгіленген бағаны ұстап тұру. Бұл орайда, облыстық бағаны тұрақтандыру қорынан жеткізілген азық-түлік 10-15 пайыздық үстемемен әлеуметтік серіктес дүкендерде сатылуда, — деді қала басшысы.
Негізі, кәсіпкерлердің азық-түлік бағасын жөн-жосықсыз қымбаттатуына жол бермеу үшін бақылауды күшейту қажет-ақ. Әйтпесе мораторийге арқа сүйеген кәсіпкерлер яки дүкен иелері жүгенсіз кеткенін көз көріп жүр емес пе. Бұл орайда, «Неге бұлай?» деген сұрақ жергілікті билікке емес, баға саясатын бақылаудан шығарып алған Үкіметке қойылуы тиіс деп есептейміз.
Ж. Бұланбай