Спорттың ойын түрлері ішінде соңғы жылдары волейбол жақсы дәріптеліп жүр. Волейболды насихаттап жүрген азаматтардың бірі — өнерпаз Арман Рай. Таяуда ол екі жарысты ұйымдастыруға мұрындық болды.
11 желтоқсанда Тәуелсіздік күні қарсаңында «Жасыбай» спорт кешенінде мәдениет саласы қызметкерлері арасында турнир өткізілді. Жарысқа Екібастұз тарихи-өлкетану музейі, «Өнер» ҚМС, «Мақпал» МҮ (Солнечный кенті), «Атамұра» МО және қала әкімінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің командалары қатысып, өзара шеберлік байқасты. Ойындар тартысты өтіп, «Атамұра» МО командасы турнир жеңімпазы атанды. ІІ орынды «Өнер» ҚМС командасы, ІІІ орынды «Мақпал» МҮ командасы иеленді.
Қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі, «Атамұра» мәдениет орталығы басшыларының қолдауымен өткен жарыс қорытындысында жеңімпаз және жүлдегер командаларға жүлделер табыс етілді.

Ал 16 желтоқсан күні Бесқауға ауылында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» деп аталған жарыс жалауын желбіретіп, Ақкөл, Қоянды, Шиқылдақ, Бәйет және Бесқауға ауылының жастары волейбол ойнады. «Атамұра» МО-ның қолдауы және Бесқауға ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Арман Райдың бастамасымен өткізілген жарыста І орын Ақкөл ауылы командасына бұйырды. Бесқауға ауылының жастары ІІ орынды, ал Қоянды ауылының жастар командасы ІІІ орынды еншіледі. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға, сонымен бірге, жекелеген үздік ойыншыларға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Тәуелсіздік мерекесі күні ауыл халқына керемет көңіл-күй сыйлаған турнирдің өз дәрежесінде өтуіне Орынбасар Әлеев, Қанат Ахметов, Дүйсенбай Сүлейменов, Ришат Бейсенов, Қуаныш Мұстафин, Тасболат Казез, Ернар Нығметжанов, Талғат Чебентаев, Рысбек Бейсембеков сияқты ауыл азаматтары демеушілік жасап, Болат Ибраев бастаған мектеп ұжымы елеулі еңбек сіңірді.
Ж. Бұланбай