Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Мәңгілік естелік» ұранымен ардагерлер ұжымдарының көркемөнерпаздар және сәндік-қолданбалы өнерінің облыстық байқауына Екібастұз қаласының ардагерлер кеңесінен және қаладағы мәдениет үйлерінің өнер ұжымдарынан 265-ке жуық өнерпаз және 38 қолөнер шебері қатысты.
«Өнер» мәдениет сарайының фойесінде Екібастұз ардагерлер ұйымдарының қолөнер жұмыстары: былғарыдан, матадан, моншақтан, кепкен гүлдер мен жапырақтардан, жіптің түр-түрінен әзірлеген бұйымдары көз жауын алды. «Тұмар» аспапты ансамблі (жетекшісі — Гүлбаршын Сәбитова) Тоғжан Жакиннің «Дала рухы» күйінен бастап, қазақ халқының күйші классик композиторларының шығармаларын және Совет композиторларының соғыс кезінде шығарған әндерін шебер орындап, облыстық кезеңге жолдама алды. Ал вокалдық ансамбльдер: «Замандастар-құрдастар», «Асыл әжелер» (Л.Шушаева), «С песней по жизни», «Барыня-сударыня» (Қ.Бейсенбенов), «Шатлық» (Д.Искакова), «Славяночка» (Е.Филатов), «Кәусар» (Г.Алданова), «Қамажай» (Г.Кәрімова) Қазақстан композиторларының Ұлы Отан соғысы кезінде жазылған, бүгінгі күні қазақ классикасына айналған әндерін шырқаса, би ұжымдары: «Серпантин» (О.Симонова), «Очарование» (М.Завьялова) билерімен көрермен қауымды үйіріп әкетті. «Бойтұмар» жастар театры (Г.Міртемірова) қазақ халқының Әлия мен Мәншүктей батыр қыздарының табандылығы және отансүйгіштігі ұлы Жеңісті жақындатқанын еске салса, жеке орындаушылар: Қ.Ибраев, Б.Ахметова, Р.Ахметова, Д. Жұматов, Е.Печелатова, А.Чалбышев, А.Хамитов соғыс кезіндегі және Жеңістің мерейтойларына арнайы жазылған әндерді орындады. Көркемсөз кезеңінде оқылған С.Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» (Б.Түсіпова), «Мы фронту помогли» (авторы — З.И.Ильин), «Блокадный Ленинград» (авторы — Г.Михнова) өлеңі де туған жер мен ел тағдырын паш етті.
Екібастұз қаласы ардагерлерінен біріктірілген екі хор ұжымы «Поклонимся великим тем годам!» және «Ұлы Жеңіс күні» әндерін орындағанда мектеп оқушылары Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің фотоларын залға ұстап кіріп, ұрпақтар сабақтастығының нышанын көрсетті.
Концерттік бағдарлама режиссер Әмина Қалдыбаева мен Айнагүл Шавдированың еңбегі арқасында көптің көңілінен шықты. Сол күнгі іріктеуде таңдалып алынған «Замандастар-құрдастар» ансамблінің қала намысын абыроймен қорғап, облыстық деңгейде бас жүлде алуы — барша екібастұздықтар үшін зор қуаныш.
Ләззат Шушаева, мәдениет саласының үздігі