«Мақпал» мәдениет үйінде болған қала әкімінің есептік кездесуіне халық көп жиналды. Адамдар жеке тұрмысына қатысты мәселелерден гөрі, кенттің тыныс-тіршілігіне байланысты мәселелерді жиі көтерді.
Кенттегі жалғыз мәдениет үйі тозып тұр. Негізі, аталмыш проблема бірер жылдан бері сөз болып келеді. Қала басшысының айтуынша, бірінші кезекте мектептер мен балабақшаларға басымдық беріліп отыр. Содан соң мәдениет нысандарына да кезек жетеді.
Кентте алдағы жылы өрт сөндіру бекеті іске кіріседі. Оны жарақтауға бюджеттен 100 миллион теңге қаржы қарастырылыпты.
Салтанат есімді келіншек №17 балабақшада ойыншықтардың ескі екенін, екінші қабатқа көтерілетін баспалдақ жақтауының сынық екенін айтып еді, сатыны жөнге келтіруге тапсырма берілді.
Жалпы, Солнечный кентінде халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында қолға алынған игі істер баршылық. Мәселен, биыл МАЭС-2 станциясына қарайтын бассейн ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа кейіпке енді. Бұл мақсатқа «Самұрық Энерго» АҚ 364 миллион теңге қаржы шығарып, «Дизайн Құрылыс Проект» ЖШС мердігер болды. Алайда мердігер фирма міндетіне жауапсыз қарап, жөндеу жұмыстарын желтоқсанның ортасына шейін созып отыр. Қала әкімі Аян Уахитұлы мердігер фирма басшысы Антон Петровичке ескертулер жасап, нысанды 25 желтоқсанда пайдалануға беруді жүктеді.
Бұдан кейін қала басшысы бұрынғы дүкен ғимаратына бас сұқты. Кәсіпкер Әсемгүл Сағынаева мұнда наубайхана, балалар ойын алаңы мен кофехана ашуды жоспарлапты. Ол үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, 5 жылға 2,5 пайыз өсіммен 27,2 миллион теңге несие алған екен.
— Қажетті құрал-жараққа тапсырыс жасалды. Ғимараттың бір бөлігінде наубайхана болады. Нан мен тоқашты жергілікті дүкендерге өткізбекшіміз. Бәрі ойдағыдай болса, 12 жұмыс орны ашылады, — деген кәсіпкер Ә.Сағынаева ғимаратқа су енгізу үшін техникалық шарттар алуда қиындыққа тап болғанын айтты.
Мәселенің анық-қанығына жеткен қала әкімі Аян Бейсекин орынбасарына кәсіпкерге көмек көрсетуді тапсырды.
Ж. Жәлелұлы