12 желтоқсан күні №26 гимназия-мектебінде қала әкімінің есептік кездесуі өтті. Кездесуге №№1, 2, 3, 4, 5 «А», «Б», 6,7 шағынаудандардан жиналған қауым қала басшысына негізінен тұрмыстық мәселелерге қатысты сұрақтар қойды.
Шахтерская көшесі, 53-үйдің тұрғындары пәтерлерінің суық екеніне арызданды. Оның бір себебі — іргелес жер үйлер иелері аязда сорғы қосады екен. Қала әкімі тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әлібек Байділдинге мәселенің анық-қанығына жетуді жүктеді.
Бауыржан Момышұлы көшесі, 46-үй тұрғыны Любовь Ивановна үй ауласындағы кәрі ағашты кесіп тастауға көмек сұрап, осы көшедегі №44 және №46 үйлер аралығындағы жылу құбырының қапталмай ашық жатқанын айтты. Сонымен қатар, ауланы абаттандыру мәселесін де көтерді.
— Қала аумағындағы жасыл желекті түгендеп шықтық. Алпыс үш мың түп ағаштың 23 мыңы күзеп, жөнге келтіруді қажет етеді. Бұл мақсатқа жыл сайын бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатыр, — деп түсінік берген қала әкімі ТҮКШ бөлімі басшысын кәрі ағаштың қаншалықты қауіпті екенін көруге міндеттеді. Ал жылу құбыры қапталатын болады.
Аула мәселесіне келсек, 270 ауланың бүгінгі күні 150-і абаттандырылған. Алдағы екі жыл ішінде қалған 120 аула көркейтілетін болады. Жұмыс жоспарға сай атқарылатындықтан, әр аула өз кезегін күтуі керек.
Целинный көшесін асфальттауды сұраған тұрғынға ол үшін 2025 жылы қаржы қарастырылмағаны айтылды. Есесіне құм мен қиыршық тас төселіп, тегістелетін болады.
Мәшһүр Жүсіп көшесі, 48-үй тұрғыны балалар алаңшасын жасаған мердігер ұйым құрылыс материалдары қалдықтарын бейберекет шашып кеткеніне шағымданды. Қала басшысы полиция басқармасы бастығына мердігер ұйымға айыппұл салуды жүктеп, «Екібастұзкоммунсервис» кәсіпорнына қоқысты полигонға шығаруды тапсырды.
№7 мектеп маңындағы жылу құбыры төңірегі көше кезбелері мекеніне айналған екен. Мәселені ретке келтірумен полиция шұғылданатын болады.
Есептік жиын аяқталар тұста жиналған қауым алдағы жылы қалада қандай істер атқарылатынын білгісі келді.
— Жылу-су тораптарын модернизациялау жалғасын табады. 70 аула абаттандырылып, аулаларды жарықтандыру жүргізіледі. Ертеректе іске қосылған 28 шағын футбол алаңы жаңаланады. 5 қабатты 3 биік үй пайдалануға беріледі, инвесторлар қаражаты есебінен көпқабатты үйлер салу жөнінде келісімдер жасалуда. Бірнеше әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өткізіледі, — деген қала әкімі Аян Бейсекин алдағы жылы жаңа өндірістер іске қосылып, өңірдің экономикалық қуаты арта түсетінін де атап өтті.
Ж. Жәлелұлы