Желтоқсанның 17-сі күні балалардың шығармашылығын дамытуға арналған «Самғау» орталығының ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатында облыс әкімі Асайын Байханов сөз сөйлеп, орталықтың балалар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
— Президент былтырғы жылы қалаға сапары кезінде балаларға арналған шығармашылық орталықтың қажеттілігін атап өтіп, оны салуға тапсырма берген болатын. «Самғау» орталығы өңірдің жастары үшін болашақта нағыз тартымды орынға айналады деп сенемін, — деді аймақ басшысы.

Дәстүрлі тұсаукесер лентаны Екібастұз қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов, педагогикалық еңбек ардагері Жеңіс Мейірман, джиу-джитсудан әлем чемпионы Хадия Қунаева және №6 лицей-мектебінің оқу үздігі, каратэден чемпион Карим Рашков қиды.
Құны 5,3 миллиард теңгені құраған орталықты салуға «ERG» және «KazMinerals Bozshakol» сынды ірі өнеркәсіптік компаниялар демеушілік еткен. Мұнда 9 мыңнан астам бала 12 бағыт бойынша шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыта алады. Сондай-ақ, орталық ерекше қажеттіліктері бар балаларға толық бейімделген. Мұнда лифтілер, көтеру құрылғылары, тифло және сурдо жабдықтар орнатылған.


Ғимараттың үш қабаты да түрлі шығармашылық және білім беру бағыттарына бөлінген. Бірінші қабатта би және театр залдары, вокалдық және музыкалық жеке сабақ бөлмелері, 275 орындық көрермен залы орналасқан. Екінші қабатында ғылыми-биологиялық зертхана, жасыл технологиялар орталығы, медиа-студия және fashion-дизайн кабинеттері бар. Мұнда балалар ландшафт дизайны, блогерлік, фотоөнер, журналистика сынды жаңа бағыттарда дәріс алмақ. Үшінші қабат толықтай IT-технологияларға арналған. Балалар робототехника, компьютерлік модельдеу, радиотехника және STEM зертханалары арқылы заманауи ғылыммен танысады. Сонымен қатар, көркемөнер, тігін, аспаздық, керамика және бейнелеу өнері сияқты шығармашылық салалар қамтылған.
Орталықта ата-аналар мен балаларға арналған психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті, үстел теннисіне арналған аймақтар, емдік дене шынықтыру және жаттығу залы жұмыс істейтін болады.
Ділназ Серікбай