Биыл Қазақстанда жергілікті өкілетті органдар — мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл. Осы уақыт ішінде жергілікті депутаттар өзекті мәселелерді шешуге бағытталған көптеген бастама көтеріп, оның орындалуына ықпал етті. Таяуда ғана Астанада «AMANAT» партиясының бастамасымен өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының жұмысындағы бағыттарды атағаны ел есінде.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мәслихат туралы «саясаткерлердің жаңа толқынын қалыптастыратын орынға айналуы тиіс», — дей келе, мәслихаттың көтеретін жүгі мен ел алдындағы абыройын нақтылады. Сонымен қатар, Президент мәслихат депутаттары азаматтар көтеретін мәселелерді бақылауда ұстауы және жергілікті атқарушы органдарға ықпал ету үшін өз өкілеттіктерін барынша пайдалануы қажет екенін атап өтті.
Бүгінгі мәслихат — бұл ел заңнамасына сәйкес, халықтың еркін білдіретін және мемлекеттік мүдделерді ескере отырып оны жүзеге асыру үшін қажетті шараларды анықтап, олардың орындалуын қадағалайтын өкілетті орган. Халықтан шыққан депутаттардың Екібастұз өңірінің дамуына айтарлықтай үлес қосқаны даусыз. Қаламыздағы мәслихаттың тарихы 1994 жылдың сәуірінде өткен бірінші сессиядан бастау алады. Содан бері 30 жыл өтті. Осы уақыттың ішінде жергілікті мәслихаттағы депутаттық корпус деп аталатын үлкен армия кеншілер шаһарындағы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық, саяси реформаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді. Ендеше, мерейтойға орай, халық қалаулыларының отыз жылда атқарған елеулі еңбегін еске алуды жөн санадық.
I шақырылған Екібастұз қалалық мәслихаты (1994-1999 жж.)

Бұл көз алдыңда ескінің қирап, жаңа тарих беттерін ашып жатқан қиын кезең болды. Тәуелсіздік таңында бірінші шақырылған мәслихат депутаттарының алдында халықтың осал топтарын, мүгедектерді, жетім балаларды, зейнеткерлерді, ардагерлерді нарықтық экономикаға көшу кезеңінде қорғау бойынша өткір әлеуметтік мәселелер тұрды.
Қалалық мәслихаттың тарихы 1994 жылдың 6 сәуірінен, қалалық мәслихаттың бірінші сессиясы — депутаттар жиналысы өткен кезден басталады. Депутаттар 30 сайлау округінде тіркеліп, сайланды. Олардың ішінде 8 ұлттың адамдары сайланды: қазақтар — 12, орыстар — 7, украиндар — 4, немістер — 3, молдаван, әзірбайжан, армян, татарлар бір-бірден. Жоғары біліммен — 21, орта біліммен — 9.
Бірінші шақырылған қалалық мәслихаттың бірінші сессиясы 1994 жылы 6 сәуірде өтті. Екібастұз мәслихаты тарихында бірінші хатшы болып Альберт Шварцкопф сайланды. Бірінші ұйымдастыру сессиялары кезінде тұрақты комиссиялар құрылып, мәслихат аппаратының құрылымы мен штаты айқындалды.
Мәслихаттың құрылымы 4 тұрақты комиссиядан құралды. Тұрақты комиссиялардың төрағалары Николай Михай, Амангелді Сүлейменов, Максад Муксинов, Александр Мартыненко өз комиссияларының жұмысын шебер ұйымдастырды.
Депутаттар өңірдегі экологиялық ахуал мәселесіне қатысты үлкен жұмыс атқарды. Осы мәселе бойынша жұмысқа Алматы қаласының ғылыми зерттеу институтының мамандары тартылды.
1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда қабылданған елдің Конституциясы жергілікті мемлекеттік басқарудың негіздерін бекітті, олардың әлеуметтік рөлі мен функцияларын ашты, жергілікті өкілетті органдардың атауын және олардың өкілеттік мерзімін өзгертті, олардың мәртебесін реттейтін арнайы заңның қабылдануына алғышарттар жасады. Мәслихаттар-депутаттар жиналысы «мәслихаттар» болып өзгертілді.
1996 жылғы 15 мамырда бірінші шақырылымның он төртінші сес-сиясында мәслихат хатшысы болып Балғабай Шаймерденов сайланды. Ол біздің өңірдің заң шығарушы органдарын құрудың бастауында тұрды, мәслихатты 11 жыл басқарды, бұл — үш шақырылым.
1997 жылғы сәуірде әкімшілік-аумақтық құрылымдағы өзгерістерге байланысты «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылымындағы өзгерістер жағдайындағы жергілікті өкілді органдар жүйесі туралы» ҚР Заңына және 1997 жылғы 7 мамырдағы «Павлодар облысының Ақсу және Екібастұз аудандарын басқару туралы» ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес қалалық мәслихат құрамына таратылған Екібастұз ауданының сайлау органдарынан 25 өкіл қосылды. 54 адамнан тұратын депутаттық корпус қалалық мәслихаттың екінші шақырылымына дейін, яғни, 1999 жылғы 10 қазанға дейін жұмыс істеді. 1997 жылғы 7 шілдеде бірінші шақырылған мәслихаттың жиырмасыншы сессиясында ауыл шаруашылығы, табиғатты пайдалану және экология мәселелері жөніндегі тағы бір тұрақты комиссия құрылды, оған негізінен Екібастұз ауданынан біздің құрамға кірген депутаттар кірді.
29 сессия ұйымдастырылып, 229 мәселе бойынша шешімдер қабылданды. Бірінші шақырылған мәслихат депутаттары жұмысының ерекшелігі — олардың қызметі жаңа тәуелсіз Мемлекет — Қазақстан Республикасы құрылысының басталуы, мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру бағдарламасын іске асыру жағдайында өтті. Осы кезеңде экономика мен әлеуметтік саланы қайта құру барысында көптеген қиындықтар мен проблемалар туындады, өндірістің қатты құлдырауы және инфляцияның өсуі байқалды.
II шақырылған Екібастұз қалалық мәслихаты (1999-2003 жж.)

Екінші шақырылым депутаттары жұмыссыздықты еңсеру, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету және жаңа жұмыс орындарын ашу, аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелерін шешті.
Сайланған депутаттардың саны 17 адамды құрады. Ұлттық құрамы: қазақтар — 7, орыстар — 8, украиндар — 1, ингуш — 1. Білімі: жоғары — 15, орта — 2.
1999 жылғы 5 қарашада Екібастұз мәслихатының екінші шақырылымының бірінші сессиясы өтті, онда қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Нұржан Тишпаевтың ұсынысы бо-йынша мәслихат хатшысы болып №14 сайлау округінің депутаты Балғабай Мыңбайұлы Шаймерденов сайланды.
Тұрақты комиссиялардың төрағалары болып Владимир Дьячков, Сергей Бондарев, Қалымбек Айтымаев, Ахмед Дзейтов сайланды.
36 сессия өткізіліп, 282 мәселе қаралды.
Сессиялар мәселелерін және олар бойынша қабылданған шешімдерді талдау депутаттық корпус өз қызметінде жүргізіліп жатқан реформада нақты нәтижелерге қол жеткізуге, экономиканың жандануы мен орнықты өсуіне, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыт алғанын көрсетеді.
90-шы жылдардың аяғында эконо-микалық жағдайдың жақсаруымен екінші шақырылым депутаттары тұрғын үй-коммуналдық саланы дамыту, лифт шаруашылығын қалпына келтіру, шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына тұрғын үй көмегін көрсету және күн тәртібінде тұрған басқа да проблемалық мәселелер жөніндегі бағдарламаларды бекітті. 2003 жылдан 2005 жылға дейін іске асыру мерзімімен 20 қалалық бағдарлама қабылданды, аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғау саласында 4 Ереже бекітілді. Тұрақты комиссиялардың қарауына Екібастұз өңірінің барлық саласын дамыту бойынша 30-дан астам қалалық бағдарлама енгізілді.
ІІІ шақырылған Екібастұз қалалық мәслихаты (2003-2007 жж.)

Үшінші шақырылым депутаттарының алдында өңірдің экономикасын одан әрі дамыту, бюджеттік түсімдерді, оның ішінде шетелдік компаниялардан түсетін салық түсімдерін қалыптастыру сияқты жүйелі сипаттағы мәселелер тұрды.
16 депутат сайланды. Ұлттық құрамы: қазақтар — 9, орыстар — 2, украин, әзірбайжан, армян, ингуш, неміс — бір-бірден. Білімі: жоғары — 14, орта — 2.
2003 жылғы 17 қазанда үшінші шақырылған қалалық мәслихаттың хатшысы болып Балғабай Шаймерденов сайланды, депутаттар Лилли Крыжановская, Николай Попов, Николай Дычко, Эльдар Абдинов, Ахмет Дзейтов тұрақты комиссиялардың төрағалары болды.
42 сессияда 470 мәселе қаралды.
2004 жылдан бастап заңнамаға сәйкес саяси партиялардың ұсынысымен сайлау комиссияларын қалыптастыру, сондай-ақ, елді мекендердің көшелерін қайта атау жөнінде шешімдер қабылдау мәслихаттардың өкілеттіктеріне жатқызылды.
Үшінші шақырылымның алтыншы сессиясында алғаш рет аумақтық, 17 округтік және 65 учаскелік сайлау комиссиясының құрамы бекітілді.
Осы шақырылымның жұмыс кезеңінде 3 көше қайта аталды: Марғұлан көшесі (Урожайная), «Екібастұзға — 50 жыл» көшесі (Привокзальная), Желтоқсан көшесі (Восточная).
Жергілікті атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігінің деңгейін арттыру мақсатында 2006 жылы «Әкімдердің мәслихаттар алдында есептерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шығарылды, оған сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер мәслихаттар депутаттарының алдына өздеріне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есеп бере бастады.
Осы жылдары әр түрлі бағыттар бойынша қалалық бағдарламалар қабылданды және іске асырылды: шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы, жастар саясаты, дене шынықтыру және спорт, мәдениет саласын дамыту бағдарламасы, қала аумақтарын абаттандыру бағдарламасы, білім беру жүйесін дамыту бағдарламасы. Кейіннен осы және Екібастұз қаласының 2010 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының ұзақ мерзімді бағдарламасы қалалық мәслихаттың 4 шақырылымының жұмысы кезеңінде өз жалғасын тапты. Қабылданған өңірлік бағдарламалар шеңберінде іс-шаралар жоспарларын орындау бойынша атқарушы органдар басшыларының ақпараттарын тыңдау белсенді түрде жүргізілді.
Бюджетке салық төлемдерін анықтау кезінде қолданылатын ставкаларды анықтау бойынша шешімдер қабылданды (сыртқы жарнаманы орналастыру, жер салығы, ойын автоматтарына акциздер).
Үшінші шақырылым депутаттарының жұмысы кезінде «Екібастұздықтың Кодексі» бекітілді.
IV шақырылған Екібастұз қалалық мәслихаты (2007-2012 жж.)

2007 жылы төртінші шақырылған қалалық мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Сайланған депутаттардың саны — 17 адам, ұлттық құрамы: қазақтар — 12, орыстар — 2, немістер — 2, әзірбайжан — 1.
2007 жылғы 2 қыркүйекте өткен бірінші сессияда көптеген жылдар бойы атқарушы органдарда жұмыс істеген, мол жұмыс тәжірибесі бар, өңір халқы алдында беделге ие Ғалия Балтабекова қалалық мәслихаттың хатшысы болып сайланды. Ол өкілетті органның жұмысын ұйымдастыра алды, әр мәселенің мәніне мұқият үңіліп, проблемаларды егжей-тегжейлі талдады, оларды шешу бойынша ортақ пікірді ұжым болып түйіндеуге назар аударды.
Мәслихат құрылымын Лилли Крыжановская, Самат Рамазанов, Жамбыл Жаналиев, Дүйсенбек Оспанов, Рафик Қазбеков басқарған 5 комиссия құрады.
Мәслихатта «Нұр Отан» ХДП-дан депутаттық фракция тіркелді, ол өз қызметінің міндеті ретінде сайлаушылар алдында өзіне жүктелген міндеттерді орындау, партия бағдарламасын сапалы іске асыруды қойды.
Әр түрлі комиссиялар мен жұмыс топтарының құрамындағы Фракция көптеген маңызды қоғамдық-саяси іс-шараларға, аграрлық секторды, өнеркәсіпті және шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі түрлі кеңестерге белсенді қатысты.
Мемлекет дамуындағы қуатты қадам 2007 жылғы 21 мамырда ел Конститу-циясына енгізілген өзгерістер болды.
Еліміздің жергілікті өкілетті органдарының рөлін арттыру, оларға күрделі міндеттерді шешу бойынша елеулі өкілеттіктер беру мәслихаттардың жергілікті өзін-өзі басқарудың негізіне айналуына ықпал етті.
Өкілетті органның негізгі құзыреттерінің бірі — қала әкімі лауазымына кандидатураны және әкімдіктің дербес құрамын келісу. Депутаттардың бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру тәртібі регламенттелген. Мәслихаттың өкілеттік мерзімі бес жылға дейін белгіленді, бұл жергілікті жерлерде биліктің тұрақтылығын сақтауға ықпал етті.
Өткізілген сессиялар саны — 38, онда 379 мәселе қаралды.
Төртінші шақырылым депутаттары өңірде мемлекетіміздің стратегиялық даму бағдарламаларын, әлеуметтік-экономикалық дамудың өңірлік бағдарламаларын іске асыруға, сондай-ақ, олардың орындалу барысын бақылауға белсенді қатысты.
«Жол картасы» бағдарламасы аясында өңірдегі халықты жұмыспен қамтудың түрлі бағыттарын көздейтін жұмыспен қамту картасы әзірленді. Экономиканың барлық салаларын дамытуды қамтитын аумақтарды дамыту бағдарламасы бекітілді және жүзеге асырыла бастады.
V шақырылған Екібастұз қалалық мәслихаты (2012-2016 жж.)

2012 жылғы 15 қаңтарда Парламент Мәжілісі мен Қазақстан Республикасының мәслихаттарына сайлау өтті, олар Қазақстанның жаңа саяси тарихын есептеу нүктесіне айналды, өйткені қазір жоғары заң шығарушы органда үш саяси партия ұсынылды.
Бесінші шақырылымның депутаттары аумақтарды кешенді дамыту мәселелерімен айналысып, жолдар мен тұрғын үй құрылысына, азаматтарды әлеуметтік қолдауға және басқа да бағыттарға ерекше назар аударды.
17 депутат сайланды. 2012 жылғы 21 қаңтарда бесінші шақырылған қалалық мәслихаттың бірінші сессиясында хатшы болып тәжірибелі басқарушы, ұзақ уақыт өңірдің қаржы жүйесінде жұмыс істеген Болат Құспеков сайланды.
Тұрақты комиссиялардың төрағалары болып Ғалия Балтабекова, Самат Рамазанов, Сергей Лепехин, Қайрат Ибраев, Рафик Қазбеков сайланды.
Бесінші шақырылымның жұмысы барысында кеткендердің орнына 3 сайлау округінің депутаттарын сайлау өткізілді.
Жергілікті өзін-өзі басқару реформасын жеделдету мақсатында 2013 жылғы тамыздан бастап мәслихаттар ауылдық елді мекендердің әкімдерін баламалы негізде сайлай бастады. Кандидаттармен заңнамалық тұрғыда белгіленген орындарда кездесулер өткізілді, олардың барысында үміткерлер сайлаушыларды өздерінің еңбек қызметімен және сайлау алдындағы бағдарламасымен таныстырды. Екібастұз қаласында ауылдық округ әкімдерінің алғашқы сайлауы 2013 жылғы 7 тамызда өтті.
Бесінші шақырылым депутаттарының жұмысындағы басты міндет мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын іс-шаралардың тиімді орындалуын бақылау және бағалау болды.
VI шақырылған Екібастұз қалалық мәслихаты (2016-2021 жж.)

Алтыншы сайланған Екібастұз қалалық мәслихатының депутаттық корпусы сайлаушылардың жоғары белсенділігімен құрылды, олардың әрқайсысына сайлаушылардың 80%-дан астамы дауыс берді. Депутаттық корпустың сапалық құрамы өзгерді, 17 депутаттың 10-ы өткен шақырылымның депутаттары болды, яғни, кейінгі шақырылым депутаттарының 59 пайызы қалалық мәслихатта жұмыс істеген. Сайланған 16 мәслихат депутаты — «Нұр Отан» партиясының мүшелері, 1-і — «Ауыл» партиясының мүшесі.
Алтыншы сайланған мәслихат өз жұмысында мемлекет басшысының «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген стратегиялық басымдықтарды негізге алды.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Ұлт жоспары бойынша 100 нақты қадам тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2016 жылы қоғам мен биліктің өзара іс-қимылының жаңа нысаны — Екібастұз қаласының Қоғамдық кеңесі, әкімдікке және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылды.
Мәслихат сессиясында 13 адамнан тұратын Қоғамдық кеңестің құрамы бекітілді, экономика салаларының тиісті бағыттары бойынша 3 комиссия құрылды.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі шаралардың бірі ауылдардың дербес бюджетін енгізу болып табылады. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Екібастұз өңірінде бюджеттің төртінші деңгейі енгізілді, Солнечный және Шідерті поселкелерінің дербес үш жылдық бюджеттері қабылданды, олар мәслихат сессияларында қаралып, талқыланды.
Алтыншы шақырылымның жұмысы кезінде қалалық және аудандық мәс-лихаттар қызметімен өзара тәжірибе алмасу семинарларын өткізу қолға алынып, Павлодар, Екібастұз және Баянауыл мәслихаттарының базасында ұйымдастырылды. Екібастұз қаласында семинар 2018 жылғы 25 маусымда өтті. Күн тәртібі бойынша 3 мәселе талқыланды. Семинар аяқталғаннан кейін қатысушылар «Богатырь Көмір» ЖШС шолу алаңына және «Проммашкомплект» ЖШС-іне барды.
Алтыншы шақырылымдағы депутаттар үшін қайырымдылық пен меценаттық дәстүрге айналды. Мұны олардың нақты істері растайды. «Мектепке тағзым» акциясының белсенді қатысушысы Манат Алғамбаров Зеленая роща ауылындағы мектеп спорт залының құрылысы мен жабдықтарына өз қаражатынан 35 млн. теңге бөлді. Депутат Эльдар Абдинов жыл сайынғы дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясының тұрақты демеушісі болды. Депутаттар Николай Арсютин, Сергей Лепехин, Серік Сәдуақасов, Қанат Тұрлыбеков, Мирхат Мұсанап, Валерий Ищенко спорттық, мәдени, әлеуметтік маңызды іс-шараларды ұйымдастыруға айтарлықтай үлес қосты.
Коронавирус пандемиясы кезеңінде депутаттық корпус өмірлік қиын жағдайға тап болған өңір тұрғындарына жүйелі түрде көмек көрсетті. Карантин режимінде зардап шеккен отбасыларға ет, мұқтаж қала тұрғындарына азық-түлік жиынтықтары мен бірінші қажеттіліктегі тауарлар (антисептиктер, маскалар) берілді. Қалалық ауруханаға дәрі-дәрмек сатып алу үшін 2,0 млн. теңгеден астам қаражат аударылды, оттегі баллоны сатып алынды, провизорлық орталыққа бөтелкеде ауыз су, азық-түлік, жаңа піскен көкөністер, медициналық қолғаптар және төсек-орын жиынтығы жеткізілді.
VII шақырылған Екібастұз қалалық мәслихаты (2021-2023 жж.)
Жетінші шақырылым өз жұмысын 2021 жылдың наурызынан бастады. Мәслихат депутаттары алғаш рет пропорционалды сайлау жүйесі бойынша, яғни, өзін-өзі ұсынушылардың қатысуынсыз партиялық тізімдер бойынша сайланды.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында мәжіліс пен мәслихаттарға депутаттар сайлауы өтті. Жетінші шақырылымның қызмет ету мерзімі қысқа болды, алайда мәслихат өз құзыреті шеңберінде заңнамада белгіленген белгілі бір жұмыстарды жүргізді.
Жетінші шақырылған Екібастұз қалалық мәслихатының депутаттық корпусы 16 депутаттан құрылды: оның ішінде «Nur Otan» партиясынан 14 депутат және «Ақ жол» партиясынан 2 депутат. Депутаттық корпустың сапалық құрамы өзгеріп, 56%-ға жаңарды. Гендерлік құрамы — 10 ер адам, 6 әйел, орташа жасы — 50 жас.
Сессиялар онлайн режимде және тікелей эфирде Aitube платформасын қосу арқылы ұйымдастырылды.
Жетінші шақырылымның бірінші ұйым-дастыру сессиясы 2021 жылғы 15 қаңтарда онлайн режимде өтті. Сессия төрағасы болып депутат Нияз Макраев, мәслихат хатшысы болып Болат Құспеков сайланды, бес тұрақты комиссияның төрағалары болып Ләззат Бекбергенова, Владимир Егер, Нұрсұлу Төлеубаева, Жанат Ибраев және Анна Унтерова бекітілді.
2 жыл ішінде 25 сессияда 190-нан астам мәселе бойынша шешім қабылданды.
Осы кезеңдегі Екібастұз өңірі үшін маңызды оқиғалардың бірі — мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша кешенді даму жоспарын қабылдау. 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарын әзірлеу шеңберінде депутаттар стратегиялық сессияға қатысып, Екібастұз қаласын дамытудың кешенді жоспарын талқылау бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Стратегиялық бастамалар орталығының өкілдерімен кездесті. Депутаттар қол жеткізген жетістіктерін, қаланың дамуы туралы көзқарастарын бөлісті, өңірдегі проблемалық мәселелерді айтты және стратегиялық бағыттар бойынша шешімдердің нұсқаларын ұсынды.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы әрқашан депутаттардың назарында болды. Әр сала бойынша іс-шаралардың орындалуы депутаттық фракцияның отырыстарында қаралды.
VIII шақырылған Екібастұз қалалық мәслихаты (2023-2027 жж.)

Сегізінші шақырылған қалалық мәслихат өз өкілеттігін 2023 жылғы 31 наурызда өткен бірінші сессиядан бастап жүзеге асыруда. Мәслихатқа «AMANAT» партиясынан — 11, «Ауыл» партиясынан — 2, «Ақ жол» партиясынан — 1 және өзін-өзі ұсынумен 1 депутат сайланды.
Депутаттар өз қызметінде өз партиясының сайлауалды бағдарламасын негізге алады және олардың күш-жігері жалпы мақсатқа — өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Депутаттық корпустың сапалық құрамы 47%-ға жаңартылды, 15 депутаттың 9-ы өткен шақырылымның депутаттары болды, яғни, қазіргі шақырылым депутаттарының 55 пайызының қалалық мәслихатта жұмыс тәжірибесі бар.
Мәслихат төрағасы болып жетінші және сегізінші шақырылымдар депутаты, сайланғанға дейін «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы болып жұмыс істеген, мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар Нияз Макраев сайланды. Сессия шешімімен тұрақты комиссиялардың төрағалары болып Мәриям Маликова, Жанат Ибраев, Татьяна Шмидт, Лейла Қасыманова және Жетпісбай Жакупов бекітілді.
VIII шақырылымда жұмыс істеген екі жылда депутаттар 200-ге жуық мәселе қарап, шешім қабылдады.
Өткен жылы депутаттардың күнделікті мониторингінде тұрған басты мәселелердің бірі — жылыту маусымына дайындық мәселесі. Станция жабдықтарын жөндеуге мониторинг жүргізу үшін Екібастұз ЖЭО-на күнде барды, сондай-ақ, әзірленген кестеге сәйкес магистральдық жылу желілерін қайта жаңарту және орамішілік жылу желілерін жөндеу учаскелеріндегі жұмыстардың барысын бақылады.
Есепті кезеңде станция жабдықтарын жөндеуге мониторинг жүргізу үшін Екібастұз жылу электр орталығына күнделікті шығып жүрді, сондай-ақ, әзірленген кестеге сәйкес депутаттар магистральдық жылу желілерін реконструкциялау және орамішілік жылу желілерін жөндеу учаскелеріндегі жұмыстардың барысына мониторинг жүргізді.
Мәслихат депутаттары Жетпісбай Жакупов, Арман Амургалинов, Арман Иманқұлов жұмыс сапарымен Қазақстан мен Ресей зауыттарына барып, Екібастұз ЖЭО жөндеу үшін жабдықтар дайындауға тапсырыстар берді. Өскемен, Риддер, Кострома, Санкт-Петербург қалаларында болды. Кәсіпорын басшыларымен жабдықтарды дайындау мерзімін қысқарту және жеткізуді жеделдету мәселелерін талқылады.
Жылумен жабдықтау және сумен жабдықтау жүйелерінде проблемалары бар үйлерді анықтау үшін уәкілетті мемлекеттік органдармен және «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС, «Горводоканал» МКК өкілдерімен бірлесіп рейдтер жүргізілді. Мәслихат депутаттары тұрғын үйді жылыту маусымына сапалы дайындау мәселелерін түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысты, атқарушы органдармен бірлесіп көппәтерлі үйлердің тұрғындарымен кездесулер мен жалпы жиналыстар өткізді.
Сегізінші шақырылымдағы мәслихат Екібастұз қаласы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге тұрғындарға арналған тарифті қарады және бекітті. Мәселені депутаттар қызу талқылады, таразының бір басында кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажеттілігі, ҚТҚ сұрыптауды одан әрі енгізу үшін мамандандырылған техниканы жаңарту, ЖЖМ бағасының өсуіне байланысты шығындарды жабу, екінші басында тұтынушылардың мүдделері тұрды. Жоғарыда айтылғандарды назарға ала отырып мәслихат азаматтардың бірқатар санаттарына жеңілдікті тарифтерді қарастыруды ұсынды. Осылайша, ҰОС қатысушылары мен оларға теңестірілген адамдар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, I топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар (балалық шақтағы мүгедектер) қызметтерге ақы төлеуден толық босатылды, сондай-ақ, 18 жасқа толмаған балалары бар көпбалалы аналар, зейнеткерлер, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін бұрынғы тариф сақталды. Барлығы 38 мыңнан астам қала тұрғыны жеңілдікпен қамтылды.
Павлодар облыстық мәслихаты қалалық мәслихат депутаттарының ұсынысы бойынша өңірдің лайықты азаматтарына тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында «Құрметті азамат» атағын беру қағидаларынан бұрын қолданыста болған жас шектеуін (70 жасқа толған және асқан азаматтар) алып тастады. Енді лайықты жас адамдар осы марапатқа ұсынылуы мүмкін.
Қалалық мәслихат құрылғаннан бері оның жұмысына 124 депутат қатысты, олардың көбі қазір құрметті демалыста, кейбіреулері арамызда жоқ. Сондықтан бүгін депутаттар Балғабай Шаймерденов, Амангелді Сүлейменов, Николай Шестаков, Мылтықбек Базарбаев, Александр Петухов, Ахмет Дзеитов, Светлана Дьяченко, Кайрат Смағұловтың есімдерін терең құрметпен және үлкен алғыс сөздерімен еске алғымыз келеді.
30 жыл ішінде мәслихат халық пен билік арасын берік жалғап, әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды келісе атқаруға арналған ашық алаңға айналды.
Әр шақырылымның депутаттары мәслихат жұмысына өз үлесін қосты, бұл — сайлаушылардың мүдделерін қолдайтын әр жастағы және түрлі мамандық иелері болып табылатын беделді де құрметті адамдар.
Шақырылымнан шақырылымға дейін сабақтастықты сақтай отырып және жұмыс-қа деген жаңа көзқараспен ұштастыра отырып, мәслихаттардың саяси рөлі күшейе түсуде. Сайлаушылар жақсы өмірге, қоғамды демократияландыруға, құқықтық мемлекеттің қалыптасуына деген үміттерін депутаттар қызметімен байланыстырады.
Бибігүл Аманова, мәслихат аппаратының басшысы