Екібастұз өңірінің мектептерінде қала әкімі Аян Бейсекиннің бастамасымен «Ел баласы» жобасы шеңберінде сынып сағаттары өтіп, оларға жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, кәсіпкерлер мен депутаттар қатысуда. Жобаға қатысушылардың бірі — Екібастұз қалалық мәслихатына «Ауыл» партиясынан сайланған депутат әрі құрылыс, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Жетпісбай Жакупов Бозшакөл ауылындағы негізгі жалпы білім беру мектебінің жоғары сынып оқушыларымен кездесті.
Кездесуден бұрын халық қалаулысы мектеп басшысы Батырбек Есімхановпен бірге білім ошағын аралады. Үш қабатты ғимарат іші ұядай жып-жылы, 2014 жылы күрделі жөндеуден өтіп, есік-терезелері толық ауыстырылған. Ал 2020 жылы 2 қазандық пен жылыту ғимаратының мұржасы жаңартылған. Мектепте екі компьютер сыныбы бар. Мектеп басшылығы әңгіме арасында білім беру процесіне мультитач панельдері қажет деген тілегін білдірді.
Бозшакөл мектебіндегі 44 оқушының 17-сі қазақ сыныптарында білім алуда. Мектепте 18 мұғалім еңбек етеді, бірқатары — әлеуметтік қолдауға ие болған жас мамандар.
Кездесу барысында Жетпісбай Қайырбекұлы оқушылардың түрлі тақырыптағы сұрақтарына жауап бере отыра, 10 жыл мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып еңбек еткені, алдынан екі бірдей «Алтын белгі» иегері шыққаны жайлы әңгімелеп берді. Балалар қайырымдылық туралы да сұрастырды. Жетпісбай Қайырбекұлы депутаттар белсенді қатысатын «Аяз атаға хат», «Мектепке жол» акцияларының пайдасы туралы айтты. Блиц-сұхбат форматында өрбіген басқосу өте мазмұнды өтті.
Ж. ӘБДІКӘРІМ