29 қараша күні «Жасыбай» спорт сарайында жыл сайын өткізілетін «Баян батыр» турнирінің жалауы желбіреді. Аталмыш турнир әу баста білікті бапкер Рашид Махметовтің бастамасымен ұйымдастырылып, қалалық жарыстан бірте-бірте республикалық жарысқа айналған-ды.
Бұл жолы турнирге Астана қаласынан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Абай және Павлодар облыстарынан, оның ішінде Ақсу мен Екібастұз қалаларынан 200-ден астам жас палуан жиналды. Осылайша, 2008-2010 жылы туған балалар бозкілем үстінде шеберлік байқасты.

Турнирдің ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева, қалалық қазақ күресі федерациясының төрағасы Орынбасар Әлеев жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық дәрежедегі төреші, Павлодар облысы бойынша жасөспірімдер арасында қазақ күресінен аға жаттықтырушы Бауыржан Тұрсынханбетов жарыс шарттарын түсіндіріп өтті. Әнші Бауырбек Бектеміров «Туған елім» әнін шырқап, спорт ардагері, жаттықтырушы Жұмабай қария бата берді.
Жалпы, мұндай турнирлердің жас буынға патриоттық тәрбие беруде маңызы зор. Жарыстың ашылу салтанатында Баян батыр Қасаболатұлының (1714-1757) жоңғар шапқыншылығы кезінде көрсеткен ерлігі жайлы сөз болды. «Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы, Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы, Өзге батыр қайтса да, бір қайтпайтын, Сары менен Баянды айт Уақтағы» деп Тәтіқара ақын жырлағандай, Баян батыр сияқты ел қорғау ер жігіттің парызы екені жас палуандар құлағына сіңірілді.
Бозкілем үстіндегі белдесулер тартысты өтіп, палуандарды қолдаушылар даусынан құлақ тұнды. Абырой болғанда, жергілікті жас палуандар да намысты қолдан бермеді. Сөйтіп, 65 кило салмақта Қуаныш Әнуарбек, 76 кило салмақта Әлижан Жаңбырбаев жарыс жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, екібастұздық палуандар 2 күміс, 7 қола медаль иеленді.
Ж. Бұланбай