21 қараша күні Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын болып өтті. Онда осы салада жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, жетістіктер жайлы айтылып, келесі жылғы жоспар сөз болды.
Сонымен қатар, жиында сала үздіктері анықталды. Бұл орайда екібастұздықтар да марапатсыз қалмады. Атап айтқанда, Құдайкөл ауылдық округіндегі «Корн-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі картоп өсіруші үздік шаруашылық болып танылды. Сөз арасында айта кетелік, аталмыш шаруашылық биылғы жылы 670 гектар алқапқа картоп, 132 гектар алқапқа сәбіз егіп, жаз бойы суарып, одан мол өнім жинаған болатын.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері бас қосқан жиында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылған еді. Екібастұз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі мен кәсіпкерлік бөлімі ұсынған көрме І орынды иеленіп, диплом табысталды.
Кәсіби мерекеге орай жеке адамдар да марапатталды. Солардың ішінде Екібастұз қалалық әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Жасұлан Сәдуақасовқа «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тапсырылды.
Жасұлан Жәлелұлының ауыл шаруашылығы саласында көп жылдар бойы адал қызмет істеп, өңір экономикасының дамуына, ауылдық аймақтың түлеуіне зор үлес қосып, қараша айында зейнеткерлікке шыққанын айта кету ләзім.
Ж.Сәдуақасов