«Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің ұжымы оқушылардың зияткерлігін дамыту, білім беру мен тәрбие жұмыстарын ұштастыру мақсатында үнемі ізденіс үстінде. Осы орайда спорттық ойындар, туристік слеттер, тақырыптық апталықтар өткізуді дәстүрге айналдырған. Былтыр хореограф маман Фаруза Қайдарқызының бастамасымен лицей балын ұйымдастырып, оқушылар вальс билеп жарысқан-тын. Биылғы лицей балы «Шаңырақ» мейрамханасында өтті.

Би кешіне қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева, ардагер ұстаздар Жеңіс Мейірман, Нағима Қуанышева, Алма Әбілқасымова қонақ ретінде шақырылды. Нұржан Бахриденұлы көпшіліктің алдында «Зерде» мектебінің негізін қалаушы Нағима Сапарқызын 75 жас мерейтойымен құттықтап, гүл шоғын ұсынды.
Кеуделерін тік ұстаған ұлдар мен қадамын кербездене басқан қыздар жұптасып ортаға шықты. Бишілер классикалық әуенге ырғала қозғалады. Сәлден соң қазылар көптің алдына шығып, сайыс жеңімпаздарын атады.

Сонымен, ІІ лицей балының «Ханзадасы мен ханшайымы» атағына 5-7 сыныптар арасында 6 «а» сынып оқушылары Мирас Қайыр мен Дәмелі Рахимбекова, 8-11 сыныптар арасында 9 «б» сынып оқушылары Әлижан Серікбай мен Риза Амангелдинова лайық деп танылды. 6 «б» — «Бірлігі жарасқан сынып», 8 «б» — «Көрермен көзайымы», 8 «а» «Креативті сынып» аталымына ие болды.

5-7 сыныптар арасында 5 «б», 7 «а» сыныптары — 3-орын, 6 «ә», 6 «а» сыныптары — 2-орын, 7 «б», 5 «а» сыныптары 1-орын алды. Бас жүлдені 5 «ә» сыныбы жеңіп алды.
8-11 сыныптар арасында 9 «б» сыныбына — 3-орын, 9 «а», 11 «б» сыныптарына — 2-орын, 10 «б», 10 «а» сыныптарына 1-орын берілді. Бас жүлдеге 11 «а» сынып ие болды.
Гүлсана Медеубай