Павлодар қаласындағы музыкалық колледждің 4-курс студенті Айым Мэлс Естай атындағы балалар музыка мектебінде есептік концертін берді. Кешті «Сағыныш» деп атаған Айым Мэлс «Сағыныш», «Ереуіл атқа ер салмай» (Арман Жайым), «Қыз мұнарасы» (Афрасияб Бадалбейли), «Скерцо» (Кеңес Дүйсекеев), «№1 концерт» (Арман Жайым) әуендерін ойнап, оны фортепианода А.Куминов сүйемелдеді. Кеште әнші Айзере Түсіпова, RUH «Ethno Mix» ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ, күйші Ғабиден Мейірханов Қаршыға Ахмедияровтың «Имаш Байжұма» күйін домбырада орындап, Құрманғазының «Төремұратын» Айыммен бірге қос аспапта күмбірлетті.
— Екібастұз – туып-өсіп, алғаш білім алған жерім. Алғашқы жеке концертімді, яғни, өнер әлеміндегі тұсаукесерімді туған жерімде беру — мен үшін үлкен мәртебе. Концерт шымылдығын қазіргі таңдағы танымал композитор Арман Жайымның «Сағыныш» атты шығармасымен ашуымның да өзіндік мәні бар. Автор бұл шығармасын анасына арнаса, мен үшін туынды нағашы атама арналады, атама деген сағынышымды осы әуенмен тарқатамын, — деді қобызшы қыз, «Отарқа» газетіне берген сұхбатында.

Айым қаламыздағы «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінде білім алды. Алты жасында Екібастұздағы музыка мектебінің табалдырығын аттап, ұстазы Айжан Шайғазыдан қобыз тартудың қыр-сырын үйренген.
— Замира Серікқызынан 11 жыл бойы қобыз аспабының қыр-сырын үйрендім. 2018 жылы Павлодар қаласындағы музыкалық колледж — музыкалық мектеп-интернатына түсіп, 9-сыныпты екі үздік дипломға бітірдім. Қазір сол оқу орнының «Қазақ ұлт аспаптары» бөлімінің 4-курс студентімін, мәдениет саласының үздігі Айнұр Қанаевадан білім алудамын. Бірнеше жылдан бері фортепианода Алексей Куминов сүйемелдеп келеді, — дейді Айым.
Ізденімпаз музыканттың жеті нотамен өрілген он үш жылы ішінде бағындырған белестері аз емес. Ол Тәттімбет Қазанғаповтың 200 жылдығына арналған 49-шы облыстық байқауда 3-орынға ие болды. 2016 жылы Ресейде өткен «Сибирь зажигает звезды», «Серебряные струны» байқауларында, 2019 жылы Әзербайжанда өткен «Уорд гармони» байқауында І дәрежелі дипломға ие болды. Өткен жылы Айым Нұрсұлтан Назарбаев Қоры стипендиясының иегері атанса, биыл қазан айында «Тәуелсіздік ұландары» сыйлығына ие болды.
Айымның ендігі мақсаты — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білімін жалғастырып, үлкен сахнаға шығу. Ол прима-қобыз тілін меңгеріп, ұстаздық етуді армандайды. Ал біз дарынды өреннің болашағына жарқын жол тілеп, қазақтың қобызын әлемге танытуына ниеттеспіз.
Жанаргүл Қадырова