Сонау бір жылы Астанадағы Бауыржан күйеу баланың үйінде отыр едім, елпілдеп бейтаныс жігіт кіріп келді. Есімі Қуаныш екен, «Хабар» телеарнасында қызмет істейтін көрінеді.
— Аға, шет елден оралдым. Торғайлық Сапар Ысқақов деген әйгілі меценатты естуіңіз бар шығар. Сол кісі «Бабалар ізімен» деп атаған жобаны қолға алып, мені түсіру тобына енгізген еді, — деп Қуаныш осы жолғы сапары туралы аз-маз әңгімелеп берген-ді.

Содан бері он шақты жыл өткенде Сапар Ысқақовтың атын тағы естідім. Биыл жаз Торғай өңірін аралап қайтқанымды оқырман біледі. Аманкелді кентінде тұратын Қыстаубай қарияның үйінде қонақта отырғанда, үй иесі: «Құданың біздің жаққа алғаш келуі екен. Тәңір жарылқасын, осы жердің тумасы Сапар ақсақал кенттің шетінде әлемнің жеті кереметін тұрғызып жатыр. Құрылыс әлі толық аяқталған жоқ. Әйтсе де көріп көзайым болатын дүние қазір де жетерлік», — деп шетін әңгімені бастап, меценаттың былтыр кентке жабық бассейн тарту еткенін айтып, жасы ұзақ болуын тіледі.

Туристік кешен Амангелді кентінің сыртында екен. Жоба бойынша мұнда 12 нысан — әлем ғажайыптары мен әйгілі тарихи орындардың көшірмелері болуы тиіс. Үндістандағы Тәж Махал, Мексикадағы Майя мәдениетінің Чичен-Ица ғимараттарының, Париждегі Триумфалды арка, Бразилиядағы Кафедралды шіркеу және т.т. түпнұсқасына сай көшірмелерін ендігі уақытта жергілікті халық қана емес, жан-жақтан келуші туристер де тамашалай алатын болады. Десек те теңдессіз туристік кешендегі Естелік қабырғасын көргенде ет жүрегіміз шым етті. Ортасында — Алтын адам, қызғылт кірпіштен жасалған қос қапталындағы қабырғаларда төрт қатар етіліп 200 қара плита орнатылыпты. Әр тақтатаста Ұлы Даланың ұлы перзенттерінің есімдері, туған-өлген жылдары қашалып жазылып, ұяшық қуысқа қабір топырағы салынған капсулалар қойылыпты. Мұндай Естелік қабырғаны тұрғызу идеясын жүзеге асыру үшін меценат Сапар Ысқақов әлемнің көптеген елінде болып, заманында бабалар ізі қалған жерлерді шарлап шыққан екен. Ол жайлы «Kazakh TV» телеарнасында топтама деректі фильмдер әзірленіп, көрсетіліпті.
Туристік кешен құрылысы жүргізіліп жатқанын айттық. Кешеннің көркем болатынын әзір нысандардан-ақ байқауға болады. Дешті — Қыпшақ мұражайы, Сақ моншасы, қонақ үй, үлкен теннис корты, субұрқақтар кешеннің көз тартарлық келбетін қазірден-ақ айшықтап тұр.
Кешен сыртындағы әйгілі Бейбарыс сұлтан ескерткіші де еңселі. Бәрін тамсана тамашалап болған соң, «Сапар Ысқақов деген кім?» деген сұрақ мазалап, көңілге тыныштық бермеді. Ғаламторда меценат туралы ақпарат жеткілікті екен. 1941 жылы бұрынғы Торғай, қазіргі Қостанай облысының Амангелді кентінде туыпты. Мамандығы — құрылысшы. 1991 жылдан бері кәсіпкер, саяхатшы, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті, «Алтын адам» номинациясының екі мәрте иегері. 2012 жылы Астана қаласында өз қаражатына «Тілеп қобыз» сарайын салғызыпты. Атақты Қойлыбай бақсының шәкірті, қобызшы Тілеп Аспантайұлы (1757-1820) Сапар Ысқақовтың арғы атасы екен. Хадис сөзі: «Нағыз байлық мал-дүниенің көптігінде емес, жүректің, жан дүниенің кеңдігінде» дейді. Меценат Сапар Ысқақовтың қазіргі, келешек ұрпақ үшін жасап жүрген ұшан-теңіз еңбегі мен харакеті жүрегінің кеңдігін көрсетіп тұр емес пе. Ұлт мүддесін ойлауды өзіне парыз санайтын әр адам осындай тұлғалардан үлгі алсын деген үмітпен осы мақаланы жазып, Торғай сапарына нүкте қойдым.
Ж.Сәдуақас