Үстіміздегі жылдың 16 маусымынан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнама күшейтілгені белгілі. Бірақ отбасын ойрандаушыларға қылмыстық жауапкершілік те кедергі болмай тұрған секілді.
Жыл сайын елімізде мыңдаған әйел отбасында жәбір көріп, жүздеген әйел көз жұмуда. Елімізде әйел мен баланы озбыр күйеуінен қорғау үшін профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі — әйелдер мен олардың балаларын арнайы орталықтарға орналастыру, оларға көмек беру. Біздің өңірімізде бұл жұмыспен «Қорғау-Астана» дағдарыс орталығы айналысады.
«Қорғау-Астана» жеке қоры 2022 жылдан бері мұқтаж әйелдерді уақытша паналатып, қиындықтан шығуына көмек қолын созуда. Екі қабатты ғимаратқа былтыр ғана көшкен екен. Мұндағы 4 бөлмеде 20 кереуеттік орын бар. Оның бәрі екінші қабатта орналасқан. Бірінші қабатта жуынатын бөлме, асхана және қызметкерлер бөлмесі бар.

Орталықта психолог, медбике, заңгер, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Олар шарасыз әйелдерге жан-жақты қолдау көрсетеді. Мұнда пана іздеп келген әйелдер алты айға дейін тұра алады. Азық-түлік, төсек-орын тегін. Коммуналдық қызметтер ақысы да бюджет есебінен төленеді.
Зорлық көрген әйелдерді жанжалқой күйеуінен арашалау үшін орталықта қауіпсіздік шаралары да қарастырылыпты. Арнайы күзет мекемесі қызмет көрсетеді. Дабыл тетігі мен бейнекамералар орнатылған.

Орталық қызметкері Нұргүл Қарабек мұнда ашылған күннен бастап әлеуметтік қызметкер ретінде жұмыс істейді. Ол бұған дейін де осыған жақын салада қызмет еткендіктен дағдарыс орталықтарына келушілерді жақсы түсінеді, жылы қабылдайды.
— Орталық қиын жағдайда қалған әйелдерге, сондай-ақ, адам саудасынан зардап шеккендерге көмек қолын созады. Жыл басынан бері бұл жерді 27 адам паналады. Олардың 9-ы әйелдер болса, 18-і — кәмелетке толмаған балалар. Қазіргі кезде екі әйел, жеті бала жатыр. Балалар балабақшаға, сабаққа барады. Аналары жұмыс істейді. Бүгін-ертең тағы бір әйелді күтіп отырмыз, — деп әңгімеледі Нұргүл Файзоллақызы.
Өкінішке қарай, қоғамда зорлықшылар азаймай тұр. Жуырда ғана отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында Екібастұзда «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, полиция басқармасының учаскелік инспекторлары рейд жүргізді. Шара барысында 1030 отбасында құқық бұзушылық жасауды қайталау қаупі жоғары екені анықталған.
Отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау мақсатында 817 қорғаныс ұйғарымы шығарылған. Соның ішінде 210 адамға алкоголь тұтынуға тыйым салынып, жәбірленушіні қудалаған 3 адамның мінез-құлқына ерекше талап қойылған.
— Мұндай азаматтарға полиция бақылауды күшейтеді. Сот шектеулерін бұзғандар 10-25 тәулік аралығында әкімшілік қамауға алынады. Бүгінде әйелі мен балаларына ғана емес, анасына да жанжал шығарып, тіпті денсаулығына қауіп төндірген жағдайлар бар, — деді тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.
Полиция басқармасы дағдарыс орталығымен тығыз жұмыс істейді. Дағдарыс орталығында әйелдер полицияға арыз жазумен шектелмей, сондағы әлеуметтік қызметкерлердің көмегімен құжаттарын қалпына келтіреді. Әлеуметтік қызметкерлер олардың балаларын мектеп-балабақшаға орналастырады. Медициналық көмек алуға жәрдемдеседі. Әйелдерді жұмысқа кіргізеді.
Медбике Оразгүл Смағұлова жарақатпен келгендерге алғашқы көмек көрсетеді. Сонымен қатар, ана мен балаға дәрігер тағайындаған емді жүргізеді.

— Бұл жерге қайбір жетіскеннен келеді дейсіз. Кейбірі бастары жарылып, қатты соққыдан естерін жинай алмай, есеңгіреп келеді. Мұндай жағдайда олардың қатты күйзелісте болуы заңды да. Ондайда ауырып қалған балақайларды учаскелік дәрігерге өзім-ақ апара саламын. Аналары жұмыстан кешіксе, өзіміз отырып шай іше береміз, — дейді Оразгүл Кеңесбекқызы.
Медбикенің балалармен жақсы тіл табысатыны байқалды. Бірінші ауысымдағы сабағынан келген балалардың есіктен кіре сала медбикемен тілдесіп, еркелей еркін әңгімелесуі де осыны аңғартқандай.
— Тағдырдан теперіш көрген жандар кейде психологиялық демеуден соң естерін жиып жатады. Күйеуімен қайта жарасып кететіндер бар. Кейбіреулері ажырасып, жаңа өмір бастайды, — деген әлеуметтік қызметкер Нұргүл Файзоллақызы орталыққа келген әйелдердің сан қилы тағдырына тоқталды.
Дағдарыс орталығына әйелдер әбден амалы құрығанда келетіні белгілі. Олардың осындай күйге түсуіне отбасының әлеуметтік жағдайының төмендеуі немесе күйеуінің ішімдікке не есірткіге елітуі, ұрып-соғу, балаларға қысым көрсетуі, кейде қызғаныш та себеп болады.
Орталықты паналаған әйелдің бірі мектепте жұмыс істейді екен. Көпбалалы ана ретінде пәтер кезегінде тұр. Үйленген соң алғашқы жылдары бәрі жақсы болғанымен, кейін күйеуі қол көтере бастапты. Бірте-бірте жиі сабауға айналған. Соңғысында қатты соққы алған соң алты баласын жетектеп, дағдарыс орталығына келуден басқа амалы қалмапты. Қазір балалары сабаққа барып жүр. Кезегі келем дегенше қызметтік пәтер алу мүмкіндігін қарастыруда.
Өкінішке қарай, дағдарыс орталығына қайта қайтып келетіндер де бар екен. Алғашқы некедегі баласына қысым көрсеткен соң орталықты паналаған келіншекті күйеуі «жаздым, жаңылдым, енді қайталамаймын» деп бір аптадан соң-ақ үйіне алып кеткен-ді. Әйтсе де арада 15-20 күн өткенде ескі әуеніне басқан көрінеді. Еріне екінші мәрте мүмкіндік берген азаматша жақында тағы отбасына оралыпты.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір түрі — экономикалық қысым көрсету. Қысымның бұл түріне ұшырағандар «балаларыммен қайда барамын, қалай асыраймын?» деген оймен ұзақ уақыт қорлыққа төзіп жүре береді. Осындай мәселелерді ескерген орталық үйлестірушілері жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірігіп, алдағы уақытта мамандығы жоқ әйелдерді қысқа мерзімді курстарда оқыту, содан соң мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру жобасын қарастырмақ. Бұл өз кезегінде экономикалық қысым көргендерді тәуелділік қамытынан босатуға сеп болары сөзсіз.
Отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандар мына нөмірлерге хабарласуына болады: 8 702 892 9777 («Қорғау Астана» жеке қоры), 102 (полиция).
Гүлсана МЕДЕУБАЙ