17 қараша – Студенттер күні. Осы орайда «Өнер» мәдениет сарайында «Balmuzdaq Fest» жастар форумы өтті.
Құттықтау сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Бибігүл Сағынтаева ел болашағы — жастарды айтулы мерекемен құттықтап, отансүйгіштікке, патриоттыққа шақырды. Содан соң белсенді, талантты студенттерді қала әкімінің алғыс хатымен марапаттады.

Келесі кезекте «Amanat» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мәриям Мәлікова сөз алып, білікті маман дайындауға үлес қосқан қаламыздағы жоғары және орта арнайы оқу орындарының басшыларына алғыс білдіріп, қалалық мәслихаттың құттықтауын жеткізді.
Бұдан әрі шәкірттерінің бойында адамгершілік құндылықтарын қалыптастыра білген мұғалімдер Павлодар облысының және Екібастұз қаласының Жастар бастамаларын дамыту орталықтарының марапатына ие болды.
Салтанатты кеште «Бес аспап» ансамблі, «Aboka 14 region» тобы, Диана Әуесбек, Ілияс Әбілов өнер көрсетіп, ән-күйге кезек берді. К-РОР жанрын насихаттап жүрген «Кайдзен» тобының биін де көпшілік жылы қабылдады.
Бұдан әрі студенттер флешмобқа қатысып, көңілді шара жастардың би кешіне ұласты.
Кенже ҚУАТ