Жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар шеңберінде өңірде жасанды жол кедергілерін орнату жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері осындай 35 жол кедергісі салынған.
— Мұндай конструкциялар қозғалыс жылдамдығын едәуір төмендетеді. Оған қоса жаяу жүргіншілердің, әсіресе, білім беру және медициналық мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, — дейді бөлім бастығы Н.Жамшитов.
Биыл, сондай-ақ, жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік шарттарынан хабардар ететін 73 жол белгісі орнатылыпты. Жол белгілері жол-көлік оқиғаларын азайтуға және жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Екібастұзда жүз елуге тарта бағдаршам бар екен. Оларды күтіп ұстауды «Энергоремстрой» ЖШС мойнына алған. Тұрғындардан бағдаршамның істен шыққаны туралы хабарлама жетісімен мердігер жолға шығып, жөндеу жұмыстарын жүзеге асырады.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа шағынаудандарға бағдаршам орнату жұмыстары жалғасуда. Биылдан бастап сандық басқарылатын жаңа бағдаршамдар орнатыла бастады. Оларды Мәметова-Мәрденов, Пішенбаев-Қонаев көшелерінің қиылысынан көруге болады. Әзірге заманауи құрылғының үшеуі орнатылды. Алдағы уақытта ескіргендері кезекпен заманауи бағдаршамға ауыстырылатын болады.
Брифингте көшелерді жарықтандыру мәселесі туралы да айтылды. Қала әкімінің есептік кездесуі барысында айтылған тұрғындардың шағымы қаперге алынып, бірқатар аулаларға шамдар орнатылыпты. Жыл соңына дейін 116 аула жарықтандырылмақ. Бұл өз кезегінде тәуліктің қараңғы мерзімінде азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға айтарлықтай ықпал етері сөзсіз.
Кейінгі уақытта тротуарлар салу, жөндеу жұмыстары да қолға алынды. Тротуарлар қозғалысты қауіпсіз етеді. Бұл, әсіресе, балалар мен мүгедектігі бар адамдар үшін аса маңызды. Бүгінгі күнге дейін 19 мың шаршы метр аумаққа тротуар төселген. Игі іс келесі жылы да жалғасын табады. Осы орайда бөлім бастығы жаяу жүргіншілердің жүруіне қолайлы жағдай жасаған атқарушы органдарға алғысын білдірді.
Соңғы кезде тұрғын үй аулаларындағы бейберекет жол қозғалысы салдарынан балалар жарақаты арта түскен. Бұл туралы айтқан Нұрғазы Жамшитов кейбір жүргізушілердің жол белгілеріне мән бермейтінін алға тартты.
— Әсіресе таңертеңгі уақытта балабақша мен мектеп маңындағы тұрғын үйлердің көлік жүретін тұсына көлігін жарты сағат бойы қалдырып кететін жүргізушілер көп. Кешкі қарбаласта тағы солай. Бұл коляскамен өтетін жаяу жүргіншіге де ыңғайсыз. Беймезгіл уақытта көліктерін аулаішілік жолға көлденең қойып кететіндер арнайы қызмет көліктеріне де кедергі келтіреді. Мұндай жағдайлар кейде полицияның қатысуымен шешіліп жүр, — дейді бұл туралы Н.Жамшитов.
Әкімшілік полицияның қала жолдарын тексеруі кезінде ашық жатқан кәріз құдықтары анықталып, баланс ұстаушыға айыппұл салынды. Әкімшілік полицияға түскен әрбір шағым міндетті түрде қаралатынына сендірген Нұрғазы Жамшитов ашық қақпақтар мәселесіне қатысты 102 нөміріне хабарласуға болатынын айтты.
Г.ҚУАТБАЙҚЫЗЫ