Балабақша балалары арасында өтетін дәстүрлі «Сәулетай» өнер фестивалінің көркемсөз оқу аталымына биыл да куә болдық. 3-4 жас, 4-5 жас, 5-6 жас санаттарына бөлініп өнер көрсеткен кішкентай үміткерлер арасынан қазақтың бас ақыны — Абай Құнанбаев өлеңдерін, соның ішінде «Ғылым тапай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Көзімнің қарасы», «Құлақтан кіріп бойды алар…» өлеңдерін он шақты бала оқыды. Жалпы, Абай балалар ақыны емес, әсіресе, балабақша балаларының танымы үшін шығармалары ауыр. Тақырыптық кештер мен мерекелерде оқыса жарасар, дегенмен «Сәулетайда» бір өлеңді бірнеше баланың қайталай бергені олардың қабілеттерін көрсетуіне кедергі. Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін таңдаушылар да аз емес. Осыған қарап «Сәулетайға» бала дайындайтын тәрбиешілер Абай мен Мұқағалидан басқа ақындарды танымай ма деген де ойға қаласың. №17 балабақшаның тәрбиеленушісі Амалия Сейлханова Мұқағалидың «Ана» өлеңін жаттап келіпті. Бұл өлең де балабақша жасындағы бала түсіне қоятын шығарма емес.


Жалпы, әдебиетіміз балалар ақындарынан кенде емес. Кітапханаға барып ізденген адамға бәрі табылар еді. Өкініштісі, ондай ізденіс, әсіресе, қазақ балабақшаларында аздығы байқалды.
Ұтымды таңдалған тақпақты таңдайы тақылдап айтып берген өнерпазға қалай риза болмассың. Мәселен, №18 денешынықтыру-сауықтыру бағытындағы сәбилер бақшасынан Таисия Баранова — «Раз, два, три, четыре, пять»; №15 сәбилер бақшасы — эстетикалық даму орталығынан Алиса Котвицкая — «В театре»; №17 балабақшадан Данэля Таспаева «Как пчелы чуть не поссорились» өлеңін ерекше мәнерлеп оқыды. Айта кету керек, бұл өнерпаздардың әртістік қабілеті, тақырыпты ашуға ұмтылысы ерекше болды. Алисаның өлеңінен театрға барған балақайдың киімілгіштен берілген нөмірін орындықтың астына түсіріп алып, қойылымды көре алмай алаңдап, абыржыған сезімін біз де бастан кештік. Ал Данэля ара болып киініп қана қоймай, сары ала жәндіктің ызыңын да дәл жеткізе алды. №9 балабақша-гимназия тәрбиеленушісі Мирослава Нефедова мен шідертілік Ксения Сивожелезова мәнерлеп оқыған «Ходит наша бабушка» өлеңі де немере мен әжесі арасындағы әдемі қарым-қатынасты сәтті жеткізді.
Көркемсөз оқу байқауының қатысушыларына қойылатын ең басты талап — дыбыстарды дұрыс айту, сәйкесінше, «р» дыбысын «л» деп айту, «ш» дыбысын «с» деу үміткердің ең басты кемшілігіне саналады. Сол сияқты, жоғарыда атағанымыздай, тақырыпты баланың жасына лайықтап таңдамау байқау барысында оның ұпайына нұқсан келтіреді. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінде өлең жаттату, әрине, жақсы, бірақ бұл өзгелермен салыстырғанда артықшылық болып саналмайды, балаға қазақтың төл дыбыстарын бұзбай айту талабы қойылады. Өкініштісі, қазақ балабақшалары тәрбиеленушілерінің көбінің қазақтың төл дыбыстарына тілі келмейтіні көрінді, көбінде акцент бар.
Бір сөзбен айтсақ, «Сәулетай» — баланың сахналық қабілетін ғана емес, тәрбиешінің зияткерлік және ізденіс деңгейін де көрсететін байқау. Сонымен қатар, бұл байқауда тәрбиешінің баланы байқауға қаншалықты жүйелі дайындайтындығы көзге ұрып тұрады. Тақпақты бір апта бұрын ғана жаттаған бала бірден белгілі. Иә, тәрбиешіге ізденіс керек-ақ!
Ж.Қадырова