Қала әкімі Аян Бейсекин қала қызметтерінің қысқа дайындығын тексерді. Осы мақсатта жол тазалығына жауапты «Екібастұзкоммунсервис», «Диас-Дар» ЖШС-терін аралады, арнайы техникаларды көріп, жұмысшылармен сөйлесті.
«Екібастұзкоммунсервис» ЖШС техникалары жұмысқа дайын. Биыл бірқатар жаңа техника алыпты. Соның ішінде құм себуші техникалар бар.

— Күн райын байқау керек. Кейде екі-үш күнде бір айлық жауын-шашын мөлшері түсуі мүмкін. Сондықтан кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет, — деген Аян Уахитұлы жауапты адамдарға тапсырма берді.
Қала әкімінің айтуынша, өңір жолдарын қар мен мұздан тазалауға жүзден аса техника және қажетті мөлшерде жұмысшылар жұмылдырылмақ. Көктайғақ кезінде төсейтін инертті материалдар жеткілікті. Бүгінгі күнге мұзға қарсы материал қоры — 3300 тонна.
«Диас-Дар» және «Ардабил» ЖШС-тері де алдағы жұмыстарға дайын екенін мәлімдеді.
— Техниканы сайлап отырмыз. Қазіргі кезде қолымызда 6 трактор, 2 КДН машина, 4 фронталды және 2 лампалы тиегіш, 4 самосвал, 2 автогрейдер бар. Жанар-жағар май жеткілікті. Биылғы қысқа қиналмай төтеп береміз деп ойлаймын, — деді «Диас-Дар» ЖШС басшысы Асфандиар Тұрлыбеков.
Дайындықты пысықтаған қала әкімі кәсіпорын басшыларына техника мен жұмысшылар санын көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ, жұмысшыларды тартуда ынталандыру жағын ойластыруды ұсынды.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ