Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы болып полиция подполковнигі Төлеген Айдарханұлы Құдайбергенов тағайындалды. Ол бұған дейін Павлодар облысы ПД Екібастұз қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Төлеген Құдайбергенов 1979 жылы 29 желтоқсанда Павлодар облысы Екібастұз ауданы Көктөбе (қазіргі Әлкей Марғұлан) ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында қызметін 2002 жылы Павлодар қаласы ҚР ІІМ училищесінің тыңдаушысы ретінде бастады. Училищені бітіргеннен кейін Екібастұз қаласы ІІБ патрульдік полиция ротасының полицейі лауазымына тағайындалды. Полиция сержантынан полиция подполковнигіне дейінгі әр түрлі лауазымдарда жедел уәкіл, аға мемлекеттік инспектор, жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары болып, әкімшілік және жергілікті полиция қызметі бөлімдерін басқарды. Жоғары білімі бар, 2009 жылы Павлодар мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша, 2017 жылы Екібастұз инженерлік-техникалық институтын тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану мамандығы бойынша бітірген.
Екібастұз ҚІІБ баспасөз қызметі