5 қараша күні қала әкімі Аян Бейсекиннің басшылығымен аппарат мәжілісі өткізілді. Онда әуелі Екібастұз өңіріндегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің биылғы жылдың 9 айы ішіндегі негізгі көрсеткіштері қаралып, аталмыш мәселе бойынша осы жұмысты үйлестіруші Тоғжан Қабылтаева хабарлама жасады.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті үш қалалық емхана, үш дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік-акушерлік пункт және 15 ауылдық медициналық пункт көрсетеді. Есепке алынған тұрғындар саны — 145073 адам. Қызмет көрсетудің сапасы кадрларға байланысты екені белгілі. Өкінішке қарай, еліміздегі сияқты, Екібастұз өңірінде де кадр тапшылығы сезіледі. Нақтырақ айтқанда, бұл көрсеткіш 85,3 пайызды құрап отыр. Әрине, бұл проблеманы шешу үшін әркеттер жасалуда. Биылғы жылы Екібастұзға 17 дәрігер келіпті. Оның бесеуі көш-қон бағдарламасы аясында Астана мен Шымкент қалаларынан қоныс аударыпты. Десек те қаламыздағы үш емханаға әлі 18 маман дәрігер қажет екен.
Енді сөз басында айтылған негізгі көрсеткіштерге көшейік. Есепті мерзім ішінде өңірде 1301 нәресте өмірге келіпті. Өткен жылы 257 бала артық туған екен. Тағы бір өкінішті жағдай, жалпы өлім көрсеткіші біршама өсіпті. Нақтырақ айтқанда, 871 адам бақилық болыпты. Соның ішінде 1 жасқа дейінгі 11 нәресте шетінеген. Сонымен қатар, 16 бала өмірден өткен. Қысқасы, нәресте мен бала өлімі көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда біршама өскен. Баяндамашы Тоғжан Қабылтаева мұның себептері деп нәрестенің шала тууын, туабітті науқасының болуын атады. Ал балалар өліміне жол апатынан алған жарақат, биіктен құлау және т.т. себеп болған көрінеді. Әйтеуір абырой болғанда ана өлімі тіркелмепті.
Мақаланың толық нұсқасы газеттің 7 қарашадағы №45 санында.
Ж.Сәдуақас