Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әлібек Байділдин 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру барысы туралы әңгімеледі.
Мемлекеттік күрделі жөндеу бағдарламасы 2012 жылы басталған болатын. Сол уақыттан бері барлығы 58 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ағымдағы жылы аталған бағдарламаға Екібастұз қаласының 12 көппәтерлі тұрғын үйі қатысып жатыр. Жалпы сомасы 677 млн. теңгеге көппәтерлі 12 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау жоспарлануда. Атап айтсақ, жөндеу жұмыстары Кеншілер 121, Королев, 70, 76 «А», 76 «Б», 88, Мәшһүр Жүсіп, 38 «А», Мәшһүр Жүсіп, 40, Мұхтар Әуезов, 165, 165 «А», Пішенбаев, 14, Энергетиктер, 40 «А» мекенжайларында жүргізіліп жатыр.
Айта кетерлігі, жөндеу жұмыстары үшін төленетін ай сайынғы ақы тұрғындардың жалпы мүліктегі үлесіне қарай бөлінеді. Яғни, 1 бөлмелі пәтер иесіне қарағанда 3 бөлмелі пәтер иесі қызмет ақысын көбірек төлейді. Осылайша, қатты шатыр үшін тұрғындар 10 жыл бойы ай сайын 3500-6500 теңге аралығында төлейді. Жұмысты қабылдаған күннен бастап 3 жылға дейін орындалған жұмыстарға кепілдік беріледі.
Мақаланың толық нұсқасы газеттің 7 қарашадағы №45 санында.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ