14 қараша — Халықаралық диабетке қарсы күрес күні. Осы күнге орай Екібастұз қаласының №3 емханасында қайырымдылық акциясы өтті.
Кеншілер шаһарындағы «PODO PLUS» подологиялық орталығының (басшысы — Зүбайра Таукенова) қатысуымен өткен акцияға қант диабетімен ауыратын сырқаттар, егде адамдар, жалғызілікті тұрғындар, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар пациенттер шақырылды. Акция барысында подолог мамандар шақырылған қонақтарға аяқ күтімін жасап берді.

— Мұндай біріккен акциялар пациенттің сапалы ем алуына жол ашып, аяқ күтіміне өзгеше қарауына ықпал етеді, — дейді №3 емхананың эндокринолог дәрігері Назгүл Катарбаева. — Аяқ күтімі адам бойының әсемдігін арттырып, сымбатын айқындай түседі: подологтар қызметі арқылы әр адам осыны жақсы түсінді деп ойлаймын. Эндокринолог дәрігер ретінде өз басым пациенттерімізге уақыт бөліп, тамаша демалыс пен жағымды көңіл күй, сұлулық сезімін сыйлаған «PODO PLUS» орталығына алғыс білдіремін!
Атап өтерлік жайт, бір ғана №3 емхананың өзінде қант диабетіне шалдыққан 2002 сырқат тіркеуде тұр. Статистика елімізде кейінгі 15 жылда қант диабетімен ауыратындардың саны 45 есе өскендігін көрсетіп отыр және көрсеткіш жылдан-жылға ұлғаю үстінде.
Ж. ӘБДІКӘРІМ