Республика күніне орай Екібастұз қаласы №3 емханасының бас дәрігері Тоғжан Қабылтаева мемлекеттік награда — «Құрмет» орденін тақты. Мемлекеттік награданы ақ халатты абзал жанға аймақ басшысы Асайын Байханов табыстады.
Тоғжан Қапашқызы Екібастұз өңірінің медицина саласында 1987 жылдан бері еңбек етіп келеді. 1988 жылы Екібастұз орталық қалалық ауруханасында интернатуралық тәжірибеден өтіп, терапевт дәрігер біліктілігіне ие болды. 1988-1995 жылдар аралығында «Екібастұзэнерго» МСБ емханасында учаскелік терапевт, 1995-2015 жылдары медициналық-әлеуметтік сарапшылық комиссияның төрағасы, басшысы, кейін «Екібастұз қаласының еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау» ММ медициналық-санитарлық сараптама бөлімінің басшысы болып қызмет етті.
Т.Қабылтаева аталған салада еңбек еткен 20 жыл ішінде түрлі жарақаттар мен кемістіктер салдарынан болған еңбекке жарамсыздықты анықтау мәселесінде кәсіби сарапшыға айналды. 2015 жылы №3 емхана бас дәрігерінің медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, 2021 жылдан бері бас дәрігер қызметін абыроймен атқарып келеді.
Осы жылдар ішінде атқарған еңбегі еленіп, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің құрмет грамоталарымен, 2019 жылы «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бүгінгі таңда Тоғжан Қапашқызы басқаратын №3 емхана алғашқы медициналық-санитарлық көмекті толық ауқымда көрсетеді. Жыл сайын халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында диагностикалық жабдықтар жаңартылып, маммограф, флюораграф, сарапшылық санат УДЗ-аппараты алынды.
2024 жылы 2 санитарлық көлік алынып, Шідерті кенті амбулаториясы мен Төртүй ауылының фельдшерлік-акушерлік пунктіне бөлінді. Сонымен қатар, Екібастұз және Ақтоғай аудандарының тұрғындарына қызмет көрсететін жылжымалы диагностикалық кешен (автобус) балансқа қабылданды.
Тоғжан Қапашқызының жұбайы Сәдібек Қабылтаев та дәрігер. Ақ желеңді мамандардың отбасындағы 4 баланың бірі — Бекзат Сәдібекқызы ата-анасының жолын қуып, Екібастұз қаласының №2 емханасында жалпы тәжірибе дәрігері болып еңбек етуде.
Ж. ӘБДІКӘРІМ