Биыл қалалық ауруханаға 75 жыл толып отыр. Осы жылдары медициналық ұйым көптеген өзгерістерді, қиын да сындарлы жылдарды бастан өткерді. Алғашқы барактар, санаулы кереуеттер, ауруларды ажалдан медицина жабдығынсыз жалаң қолмен арашалаған дәрігерлер… Мұның бәрі бүгінде тарих қойнауына енген. «Қиын кезең мықты адамдарды тудырады» демей ме. Сол бір сынаққа толы ауыр жылдары халыққа қызмет еткен дәрігерлердің, фельдшерлердің, медбикелердің ерлігі, еңбегі ұмытылмайды.
1901 жылы Екібастұз қалашығында алаңы 205 шаршы метр аурухана болған-тын. Онда 6 кереуеттік стационар, дәріхана мен әйелдер босанатын бөлме орналасты. Сонымен бірге мұнда дәрігер, фелдьшер және акушерка тұрды. Науқастарға тамақ, төсек-орын мен медициналық көмек тегін көрсетілді. Құжаттарға сәйкес сол жылы амбулаторлық емдеу көмегіне 6432 адам жүгініп, 95 науқас стационарда емделген екен.
1917 жылы 2,2 мың тұрғыны бар Екібастұз қалашығында 25 кереуеттік 1 аурухана, жұқпалы аурулар үшін 20 кереуеттік бір барак салынды. Дәрігерлердің тапшы кезі. Екі бөлімшеде бар-жоғы үш-ақ адам, фельдшер мен акушерка және жалғыз дәрігер болды. Арнайы маман табылмағандықтан ауруханаға аяқталмаған жоғары медициналық білімі бар әскери тұтқын чех меңгерушілік етті.
1949 жылы Қара шахта қалашығында барак үлгісіндегі баспанада хирургия, акушерлік, терапия, балалар науқастарына маманданған стационар ашылды. Міне, Екібастұз қалалық ауруханасы өңірдің денсаулық сақтау жүйесі ретінде өз тарихын осы жылдан бастады.
Бұдан кейін барак үлгісіндегі үш ғимараттың іргетасы қаланды. Келесі жылы жаңа 50 орындық стационар іске қосылды. Бұл сол кездегі өлшеммен үлкен жетістік еді. Стационарда хирургия, терапевтік, тері-венерологиялық, әйелдер босанатын және балалар бөлімшесі, емхана орын тепті.
Екібастұз тарихында алғашқы дәрігер деп Борис Авербух танылған. Ол 1949 жылы Екібастұзға келіп алғашқы ауруханаға меңгерушілік еткен еді. Медицина мамандары әлі де қат кез болатын. Сондықтан хирург те, терапевт те, невропатолог та өзі болды. Кейде тіпті әйелдерді босандыруға тура келді. Осыларды ескерген Борис Менделеевич жаңа орынға келе салысымен жергілікті кадрларды дайындауға ұмтылды. Осы мақсатта жергілікті тұрғындар мен жаңа қоныс аударғандардың, соғыс уақытында мейірбике қызметін атқарған әйелдердің басын қосып, фельдшерлік, медбикелік курстарда оқытты. Борис Авербух кейін көп жылдар бойы қалалық аурухананы басқарды. Алғашқылардың бірі болып «Екібастұз қаласының құрметті азаматы» атағын (1972 жылы) алды.
Бес жылдан соң, яғни, 1954 жылы әлі де қала статусын алмаған Екібастұзда 210 кереуеттік жаңа аурухана кешені пайдалануға берілді. Үлгілі жоба бойынша салынған оның 3 корпусында терапевтік, жұқпалы аурулар және балалар бөлімшесі, сонымен бірге қажетті қосымша қызметтер бөлімшесі орналасты. Босаған бұрынғы ғимараттарға туберкулез ауруханасы, тері-венерологиялық диспансер, перзентхана орналасты.
1957 жылы стационар тағы 30 орынға кеңейді. Ал 1968 жылы қалалық ауруханада физио-терапевтік бөлімше іске қосылды. Күніне 600 адам емделе алатын физиоемдеу ашылды. Бұл сол жылдары облыс көлемінде таңдаулы орындардың бірі болатын. Физиоемдеу орны Б.Авербухтың бастамасымен жеке жобаға сәйкес салынып, науқастарды кешенді емдеуді қолға алды. Мұнда келушілерге сазбен емдеу, емдік ванналардың барлық түрі, жарық және электрмен емдеу, үгу мен емдік физкультура ұсынылды.
1976 жылдың желтоқсанында күніне 600 науқас қаралатын емханасы, 210 кереуеттік стационары, 80 кереуеттік ауруханасы, 40 кереуеттік инфекциялық корпусы, 90 кереуеттік тубдиспансері, екі шаруашылық корпусы, асхана блогы, қазандығы бар аурухана кешені іске қосылды.
1990 жылы кешенде 120 кереуеттік балалар ауруханасы пайдалануға берілді. Тоқсаныншы жылдардың соңындағы экономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан қаламыздағы денсаулық саласы алға адымдады. Жаңа корпустар салынып, солардың есебінен кереует-орындар саны көбейді. Бұдан әрі жыл өткен сайын аурухананың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жаңалықтар енгізіліп отырды.
Алғашқы дәрігер Б.Авербухтан соң да әр жылдары аурухананы білімді де білікті басшылар басқарды. Емдеу орнын 70-ші жылдары басқарған Мұса Тентекбаев та дәрігерлер санын көбейтуге күш салды. Сондай-ақ, көшпелі дәрігерлік пункт құрып, ауыл адамдарының денсаулығын тексеруді қолға алған еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиыншылықтарға киліккен әлеуметтік саланың қай-қайсысы болмасын ақсап қалғаны белгілі. Медициналық жабдықтар түгілі, дәрі-дәрмек қат болғаны өз алдына, жалақысын уақытылы алмаған көп дәрігер жұмыстан кетіп, кадр мәселесі де өткір тұрған-ды. Осындай сындарлы кезеңде тәжірибелі ұйымдастырушы, білікті дәрігер Әбиқас Құсайынов өңірдің денсаулық саласын өрге сүйреді.
2014 жылдан бастап бүгінге дейін қалалық аурухананы Мұхаметқайыр Андосов басқарып келеді.
Енді қалалық аурухана кешенінің бөлімшелері туралы сөз қозғасақ.
Аурухана тарихында алғашқылардың бірі боп құрылған — травматология бөлімшесі. Бүгінде бөлімшені Николай Мартыненко басқарады. Бөлімше 40 кереуеттік. Мұнда күніне 3-5 операция жасалады екен. Травматология бөлімшесінде Ербол Жұматаев, Елтай Батхолдин секілді білікті мамандар 20-30 жылдан бері аянбай тер төгіп келеді. Е.Жұматаев бір кездері осы бөлімшені 20 жылдай басқарса, Е.Батхолдин «Алтын скальпель» марапатына ие болған. 2010 жылдан бері мұнда науқастың жағдайын тезірек жақсартуға мүмкіндік беретін сынықтарды емдеудің аз жарақаттық заманауи әдістері енгізілді.
Хирургия бөлімшесінде де екібастұздықтарға есімі ертеден таныс Тәңірберген Усинов, Кенжебек Такиров, Нұрлан Қамасов, Бейбіт Рыспаев сынды белгілі мамандар науқастарды оңалтуға өз үлестерін қосып жүр. Бөлімшеде балалар мен ересектерге хирургиялық және урологиялық бейіндегі шұғыл медициналық қызметтер көрсетіледі. Заманауи эндобейнеқұрылғылар аз инвазивті хирургиялық және лапораскопиялық әдістерді қолдануға мүмкіндік береді.
Бөлімше басшысы Марина Семикинаның айтуынша, 48 кереуеттік орны бар бөлімшеде бір айда жүзге тарта ота жасалады
Аурухананың неврология бөлімінде ай сайын 150-ге жуық адам ем алады. Соңғы онжылдықта бөлімше құрамына инсульт орталығы қосылды. Инсульт орталығы дефибриллятор, электрокардиограф, көпфункциялы кереуеттер, инфузиялық сорғы, вертикализатор үстелі секілді заманауи құралдармен жабдықталған. Орталықта 35 кереует-орын бар. Олардың 12-сі неврологиялық сырқаттар үшін болса, 23-і инсульт алғандарға арналған.
Қалпына келтіру-емдеу бөлімшесі ауыр науқастан тұрған не отадан шыққан адамдарды оңалтумен айналысады. Бөлімшені ашуға мұрындық болған қалалық аурухананың бір кездегі басшысы — Әбиқас Төлеуханұлы. Бөлімше басшысы Ілияс Шоқабаев мұнда лазерлі терапия және магниттік терапия, фито-бөшке қойылған физиотерапия кабинеттері, сондай-ақ, тұз шахтасы, емдік денешынықтыру залы жабдықталғанын айтты.
Қалалық аурухананың көлемді бөлімшелерінің бірі — терапия. 60 кереуеттік емдеу орны пульмонология, кардиология, эндокринология бағыттарына бөлінген. Бөлімшені эндокринолог-терапевт Жазира Абильдина басқарады.
Мұнда жүрек ауруы, өкпе қабынуы, қант диабеті, нефрологиялық поблемасы бар науқастар, уланғандар көмек алады. Ай сайын дәрігерлердің алдынан 250-ге жуық науқас өтеді екен.
Тері-венерологиялық бөлімше қалалық аурухананың құрамына 2013 жылы берілді. Бөлімшеде стационарға арналған 15 орын, амбулаториялық емдеуге 65 орын қарастырылған. Науқастарға 6 дәрігер, 7 мейірбике қызмет көрсетеді. Емделуге келушілер анализді осы жерде орналасқан лабораторияда тапсырады.
Аурухана жанынан стоматология ашылған. Онда Екібастұз қаласының балаларын ғана емес, Шідерті, Солнечный кенттері мен өңірге қарасты ауылдардан, Баянауыл ауданынан келген жас пациенттерді де қабылдайды.
Педиатрия, реанимация, интенсивті терапия бөлімшелері үстіміздегі жылы біріктірілді. Бұл жерде 27 медперсонал жұмыс істейді. Бөлімше меңгерушісі Ольга Садвокасованы екібастұздықтар балалар дәрігері ретінде жақсы біледі.
Бөлімше ай сайын 110-120 баланы қабылдайды. Өкінішке қарай соңғы кезде жан сақтау бөліміне түскен балалар саны артқан. Пневмония, жоғарғы тыныс жолдары ауруларынан басқа, күйікпен, жарақатпен түскендер көбейген. Бұл өз кезегінде ата-ананың жауапкершілігі төмендегенін көрсетсе керек.
Қабылдау-диагностикалық бөлімше де бертін ашылған. Мұнда науқастарды лор, окулист, сурдолог қабылдайды. УЗИ, эндоскопия секілді диагностикалық процедуралар жасалады. Соңғы бір жылдың ішінде ғана бөлімшеде 30 мыңнан аса жоспарлы және шұғыл зерттеулер жасалған.
Кешеннің рентгенологиялық бөлімі бүгінде компьютерлік томографиямен, цифрлық рентген аппаратымен, басқа да жылжымалы құралдармен жабдықталған. Күніне 25-40 науқасқа қызмет көрсетілетін бөлімшеде қазір 14 маман жұмыс істейді. Алдағы жылы МРТ аппараты сатып алынбақ.
Көппрофильді жансақтау бөлімшесінде 15 дәрігер мен 25 мейірбике күндіз-түні кезектесе отыра жұмыс істейді. 9 орындық бөлімшеге кейде 12 адамға дейін жатқызады. Меңгеруші Әлімжан Оспанов мұндағы жұмыстың қиын екенін жасырмайды. Сондықтан болар, бұл бөлімшеге кездейсоқ келгендер жоқ. Барлығы да өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды.
Аса жауапкершілікті талап ететін бөлімшелердің тағы бірі — ота жасау бөлімшесі. Ережеге сай мұнда барлығы да кіршіксіз таза болуы тиіс. Бөлімшенің аға мейірбикесі Қымбат Тасқымбаева мейірбикелер мен санитарлардың жұмысын үйлестіреді. Соның арқасында 6 ота жасау залы шұғыл жағдайға әркез дайын тұрады. Ал шұғыл жағдайлар болмай тұрмайды. Өйткені мұнда тек жоспарлы оталар ғана жасалмайды, айталық, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер де жеткізіледі.
Бүгінгі таңда аурухана кешеніз аманауи жабдықталған, халықаралық стандарттарға сай келетін медицина ұйымдары қатарынан табылады. Жаңа кабинеттер ашылып, өміршең жобалар іске асырылуда. Емдеу мекемесінде мақтаулы дәрігерлер еңбек етеді. Аурухана бөлімшелері алдағы уақытта да тұрғындарға сапалы қызмет көрсете бермек.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ