18 қазан күні Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына келді. Облыс басшысы әуелі шаһардың қақпасы болып табылатын теміржол вокзалында болып, мұнда жүргізіліп жатқан қайта жарақтау жұмыстарының барысымен танысты.

1988 жылы пайдалануға берілген, тозып тұрған теміржол бекетін заманауи кейіпке келтіру жобасын «KAZ minerals» компаниясы қаржыландырып, бұл мақсатқа 960 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Бүгінгі күні мердігер компания жылу, кәріз, сумен жабдықтау және жарықтандыру жүйелерін жаңалап, аспалы төбе жасап, кассалар аймағы мен күту залын жайлы етіп жатыр. Облыс әкімі аталған жұмыстардың қаншалықты сапалы атқарылғанын байқап, ана мен бала, медицина және т.б. бөлмелердің қалай әрлендірілетінін сұрап білді. Содан соң сыртқа шығып, вокзал қасбеті мен перронда жасалған жұмыстарға баға берді.
Жалпы, нысанды қайта жарақтау алдағы жылдың наурызында аяқталуы тиіс.
— Реконструкцияның мерзімінде әрі сапалы жасалуы маңызды. Теміржол вокзалы ғимараты қалаға көрік беріп, жолаушыларға жайлылық сыйлауы керек, — деген аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы мердігер «Павлодарремкомплекс» ЖШС бас директоры Марина Киеваға бірқатар ескертпелер жасады.
Айтпақшы, перрондағы бірінші және екінші жолдар орталығындағы асфальт жол шолақ. Вагон саны көп жолаушылар пойызы келіп тоқтағанда состав жай жерге шығып кетеді де, жолаушылардың мініп-түсуіне қиындық тудырады. Облыс басшысына жаңа жобада осы жайтты ескеру жөнінде өтініш айтылды.

Бұдан кейін аймақ басшысы №1 және №3 жылу магистралдарының түйіскен тұсында болып, мердігерлермен сөйлесті. Мұнда диаметрі 800 мм. ескі құбырлар диаметрі 1000 мм. жаңа құбырлармен ауыстырылған екен. Осылайша, №31 шағын аудандағы 25 көпқабатты үймен жеке сектордағы үйлерді жылумен қамтамасыз ету сапасы жақсартылған. Сонымен бірге, алдағы жылы жаңа абоненттерді жылуға қосу мәселесі шешімін табады.
Облыс әкімі сапары туралы мақаланың толық нұсқасы газеттің 24 қазандағы №43 санында.
Ж.Сәдуақас