Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында қарастырылған іс-шараларды жүзеге асыру үшін 2024 жылы қалалық бюджеттен 5 миллион теңге бөлінген екен. Таяуда өткен қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысында қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Тоқсамбаева осылай деді.
Жалпы, аталмыш бөлім мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде біршама жұмыс атқарыпты. Мәселен, көрнекі ақпараттағы мәтіндердің қазақша дұрыс жазуы қадағаланып отыр. Осы мақсатта биылғы жылдың 3 маусымында «Көрнекі ақпарат сауаттылығы — баршаға ортақ іс» атты дөңгелек үстел өткізіліп, онда бизнес өкілдеріне әдістемелік көмек көрсетіліпті. Сонымен қатар, қала көшелеріне қойылған 85 баннер мәтіні аталмыш бөліммен келісілген.
Мемлекеттік тілге оқыту жағын сөз етер болсақ, ақпан-маусым айлары аралығында 150 адам курстан өтіпті. Есепті мерзім ішінде осы мақсатқа бөлінген 1899 мың теңге қаржының 930 мың теңгесі игерілген. «Атамұра» мәдениет орталығында қазақ тілі мұғалімі қызметке қабылданған. Мұнда жыл бойы қазақ тілі курсы жүргізілетін болады.
Баяндамасында Жанар Тоқсамбаева мемлекеттік қызметшілер үшін ағылшын тілін оқытуға бюджеттен 500 мың теңге бөлініп, бүгінгі күні 68 қызметшінің тіл үйренгенін айтты. Мұны естіген депутат Арман Иманқұлов:
— Ағылшын тілін оқыту үшін қаражат бөлу жөн деп санамаймын. Шет тілін меңгергісі келген мемлекеттік қызметшілер оны өз қаражатына үйренсін. Біз әуелі мемлекеттік тіл мәселесін шешіп алайық. Осы орайда, мемлекеттік органдарда қызмет істеп жүрген адамдар қазақ тіліне немқұрайлы қарайтыны, жиын-отырыстарда орысша сөйлеуге құмарлығы табанға кірген шөгірдей батады, — деп тіл саясатына қатысты іс-шаралардың әлі жемісін бермей отырғанын сынға алды.
Өз тарапымыздан дәл осындай сынды қалалық мәслихат депутаттары атына да айтар едік. Халық қалаулылары арасынан Арман Иманқұлов, Манат Алғамбаров, Еркін Құсан сияқты депутаттар болмаса, өзгелері орысша сөйлеуге, пікірлесуге бейім тұрады. Рас, қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев тұрақты комиссиялар отырысында, сессияларда хабарламаны орыс тілінде жасауды дағды еткендерге «неге мемлекеттік тілде сөйлемейсіздер?» деп оқтын-оқтын ескертеді. Алайда бұл талапқа пысқырып та қарамай, сөз басында қазақша амандасып алып, содан соң бұрынғы дағдымен: «Разрешите теперь продолжить на русском языке» деп көсіле жөнелетін шенеунік көп. Мемлекеттік мекемелердегі қазақ тілінің халі осылай мүшкіл болып тұрғанда, кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді мемлекеттік тілде сөйлету бос әурешілік тәрізді көрінеді.
Иә, Жанар Тоқсамбаева баяндамасында атап өткеніндей, мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия қала әкімдігінің 11 дербес бөлімі мен 26 кәсіпорында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының дұрыс орындалуын түсіндіріп, әдістемелік көмек көрсетті. Сол уақытта бірен-саран мекемелер мен кәсіпорындарда ғана мемлекеттік тілге мән беріліп отырғаны белгілі болды. Яғни, мақтанарлықтай жетістік жоқ. Мәселен, «Нар-Транс», «Гидропром» тәрізді кәсіпорындар мемлекеттік тілге қырын қарап отыр. Қазбалай берсек, олардың санатына тағы көптеген кәсіпорын мен мекеме қосылар еді. Тағы бір қадап айтар жайт, бізде мемлекеттік тілдің аясын кеңейту кіріс-шығыс құжаттарын жүргізуді қазақ тіліне көшірумен ғана шектеліп, былайша айтқанда көзбояушылық жасалып жүр. Ал қызмет үстінде, жұмыс процесінде бәрі — орысша, бәз-баяғы қалпы.
Негізі, еліміз тәуелсіздік алған тұста қазақ тілін білуге құлшыныс артқан-ды. Алайда, оянған патриоттық сезіміміз бірте-бірте бәсеңдеп, ондаған жыл ішінде прогрестен регреске кетіп бара жатқанымыз анық. Өзге ұлт өкілдері түгіл, көшеге шыға қалсаңыз, қазақтың үлкені де, кішісі де орысша сөйлеп жүр. Балабақшалар мен мектептердегі қаракөздер ана тілінде айтылған сөздің мағынасын түсінбей, көзін жыпылықтатқанда у ішкендей күй кешесің.
Қысқасы, біздегі тіл саясатында кінәрат көп. Мемлекеттік тілді қалайша тұғырына қондыруға болады? Оның кілті табылмай біз билікке, билік бізге қарап күн артынан күн, жыл артынан жыл өтіп жатыр.
Ж. СӘДУАҚАС