Мемлекеттік мерекелер арасында ерекше орын алатын күн — Республика күні. Бұл мерекенің еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін нығайтудағы маңызы зор. Айтулы күнге орай, 21 қазан күні «Өнер» мәдениет сарайында, «Ауылым — өнер бесігім» фестивалі болып өтті. «Атамұра» мәдениет орталығы ұйымдастырған шараға 16 ауылдық клубтың өнерпаздары қатысты.

Мәдени шара барысында қала қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақ халқының салт-дәстүрімен де кеңірек танысты. Ұлттық тағамдардан бөлек, фестивальге келушілер ауылдардағы қолөнер шеберлері дайындаған тұрмыстық бұйымдардың көрмесін тамашалады.

Сахнаға алғашқы болып Ақкөл, Шиқылдақ ауылдарының өнерпаздары шықты. Ауылдың алты ауызын әнмен жеткізген ақкөлдік «Сәулем-ай» вокалдық тобы «Менің қазағым» әнімен туған елге сәлемін жолдады. Ән мәтіні мен әуені келісіп, әсем киінген аппақ әжелер сахнаны түрлендіріп жіберді. Өнерпаздардың әсем дауысына риза көрермен халық әні «Ағажан Ләтипа» әнін шалқытқан «Армандастар» ұлттық аспаптар ансамблін зор қошеметпен қарсы алды. Ал, өзбек биін өзбектерден кем билемейтініміз Өлеңті жастарының орындауындағы биден көрінді, балғын бишілер би қимылын, саз ырғағымен келістіріп, әсем ұлттық киімімен де ерекшеленді. Сахна төріне ілінген көркем банер бүгінгі байқаудың мән-мағынасын ашып тұрды. Шиқылдақ ауылының «Серпін» және Зеленая роща ауылының «Сырлы сөз» мәнерлеп оқу үйірмелерінің қатысушылары оқыған «Арыным», «Өзіме», «Отан» өлеңдерін көрермен ықыласпен тыңдады. Бұдан әрі Сарықамыс ауылынан «Балауса» вокалдық тобы «Туған жер» әнін орындады. Әнді төрт дауыста орындаған өнерпаздар әр нотаны биігіне жеткізіп, әнді асқан жігермен салды. Сахнаны безендіру, әртістерге киім таңдау, қойылымға костюм дайындау зор талғаммен жасалғаны көрініп тұр. Ең бастысы, көркемөнерпаздардың сахна мәдениетін меңгергендері көңіл көншітті. Сондай-ақ, Төртүй ауылы өнерпаздарының би ретінде қойылған сахналық көріністері мен вокалды нөмірлері көрермендерге жақсы әсер қалдырды. Байеттік «Асыл әжелер» тобы өнерпаздарының жас ерекшеліктеріне сай таңдаған камзол мен көйлектері өздеріне жарасып, әжелердің әсем дауысы көрермен көңілінен шықты. Бұдан кейін орындалған қазақ биі, вокалды аспаптар ансамблінің әндері де, атығайлық Мұхаметжан Төлегеннің «Самал тау» әні де тыңдаушысын бей-жәй қалдырмады.

Байқау қорытындысында I орынды Төртүй ауылдық клубы (100 мың теңге жүлде), II орынды Құлакөл ауылдық клубы (80 мың теңге жүлде), III орынды Бесқауға ауылдық клубы (50 мың теңге жүлде) иеленді. Ал, Қоянды ауылы «Қазыналы Қоянды», Ақкөл ауылы «Белсенді ұжым», Тай ауылы «Өнерлі өрендер» номинациясымен марапатталып, ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Ділназ Серікбай