Біздің қаламызға сирек те болса театрлар гастрольдік сапармен келіп, өнерсүйер қауымның көңіл хошын көтеріп кетеді. Бұл жолы Екібастұзға Астана жастар театрының жолы түсіп, 7 қазан күні «Өнер» мәдениет сарайында көрермен назарына «Жанарымдағы жалғыз әуен» театрландырылған концерттік бағдарламасын ұсынды. Қойылым режиссері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

— 2007 жылы Астана қаласында Жастар театрын құруға ұсыныс жасалды. Сол жылы өнер академиясын аяқтағалы отырған түлектер легін — өз шәкірттерімді ертіп Астанаға аттандым, — деді Нұрқанат Жақыпбай.
Қазіргі уақытта театрда 53 әртіс бар екен. 2007 жылдан бері өнер ұжымы жас әртістермен алты рет толығыпты. Осы уақытқа дейін көптеген драмалық шығармаларды сахналаған театр ұжымы жыл сайын 3-4 премьера әзірлейді екен.

Толайым табыстарға жетіп жүрген театр ұжымында талантты әртіс көп. Солардың бірі — Бақыт Қажыбаев. Ол театр арқылы ғана емес, кино арқылы да елге танымал болды. 2023 жылы түсірілген «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалында алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың рөлін сомдаған Бақыт Қажыбаевпен де сәл-пәл сөйлесудің сәті түсті.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің 10 қазандағы №41 санынан оқыңыздар.
Ж. Жәлелұлы