Алаяқтық азаймай тұр. Соның ішінде интернет алаяқтық күн өткен сайын сан түрленіп, ел азаматтарының қалтасын қағуда. Кім көрінгенге сеніп, өзгелерге жеке басына, банк есепшотына қатысты ақпаратты бермеу керектігі туралы ескертулерді бәз біреулер қаперге алмайды. Алаяқтарға керекті ақпаратты айтып, өз әмиянын біреуге «ашып» беріп жатқан тұрғындарды құтқаруда полиция да дәрменсіз.
Бүгінге дейін Екібастұз өңірінде 255 алаяқтық қылмыс тіркелген екен. Оның 163-і кибер қылмысқа жатады. Ал тұрғындарға келтірілген жалпы шығын көлемі 175 миллион теңгеден асып түсті.
Интернет алаяқтықты ашу мақсатында жедел іздестіру және тергеу мақсатында Екібастұз қаласы полиция басқармасы бастығының бұйрығымен неғұрлым тәжірибелі қызметкерлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылған. Полиция қызметкерлері ескерткеніндей, алаяқтың басқа қалада, тіпті басқа елде болуы мүмкін. Оларға ақшалай қаражатты ортадағы делдалдар жеткізіп отырады.
— Кейде студенттер бірін-бірі дроппер болуға тартады. «Сенің шотыңды пайдаланғанымыз үшін ақша түсіп тұрады» деп көндіруі мүмкін. Кейбіреулер ақшаның қайдан келгенін алданған адамдардың арызының ізімен полиция келгенде ғана білген. Қаламыздың оқу орындарының бірінде оқитын студент осылайша достарын тартумен айналысқан. 19 жастағы студенттен 15 телефон табылды. Осы есепшоттар арқылы ол 38 миллион теңгедей қаржыны жөнелткен, — дейді полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, аға лейтенант Нұрсұлтан Аджиханов.
Алаяқтық схемасы түрленіп, өзгеріп отырады. Тек қана құқық қорғаушылардың күшімен олардың жолын кесу мүмкін емес. Сондықтан полиция азаматтарға сақ болуды тағы да ескертеді.
Гүлсана Медеубайтегі