Өңірде эпидемиологиялық маусымға дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Осы орайда қалалық коммуникациялар қызметінде маусымдық ауруларға қарсы екпе жұмысын ұйымдастыру шараларына қатысты брифинг өткізілді.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары апта сайын ЖРВИ, тұмау, коронавирустық инфекциямен сырқаттанғандардың мониторингісін жүргізеді. Қыркүйек айының соңғы аптасында жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырған 3072 науқас тіркелген. Оған дейінгі аптада ауырғандар саны 2661 адам болған екен.
— Ауруды топтық жұқтыруды анықтау және дер кезінде шаралар қабылдау мақсатында науқастанған мектеп оқушыларының да мониторингісі жүргізіледі. Жаңа оқу жылы басталғалы өңірдегі мектептердің 23-інде 189 оқушы ауырған. Осы жерде айта кетсем, егер бір сыныпта ауырғандар саны 20-30 пайызға жетсе, балалар кабинет ауыстырмай оқиды. ЖРВИ жұқтырған оқушылар саны 30 пайыздан асса, сынып қашықтан оқу жүйесіне көшіріледі, — деді СЭБ басқармасының бөлім басшысы Б.Бекпаева.
15 қыркүйектен бастап тұрғындарды тұмауға қарсы вакциналау басталды. Тәуекел тобындағылар үшін (балалар, қарттар, 2-3 триместрдегі жүкті әйелдер, диспансерлік есепте тұратын ересектер, медицина қызметкерлері) облыстық бюджеттен 15 мың дозадан аса тұмау вакцинасы бөлінген. Былтыр осы санаттағы 15 726 адамға екпе салынған болатын. Қазіргі кезде тұрғындарға Ресейде өндірілген «Гриппол» екпесі салынуда. 26 қыркүйектегі жағдай бойынша тұмауға қарсы 1767 адам екпе алған, олардың 133-і — балалар. Бұдан басқа, мыңнан аса медицина қызметкері вакцина салдырды.
Тұмауға қарсы екпе алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша емханаға хабарласуы керек. Вакциналауға жолдаманы учаскелік дәрігер береді.
Кенже ҚУАТ