Асық атудың да түр-түрі жарыстар кестесіне енгізіліп жатыр. 24 қыркүйекте Қызылорда облысы Арал кентінде 2004-2007 жылдары туған жастар арасында командалық, жекелей және блиц сынында Қазақстан чемпионаты аяқталды.
Осы чемпионатқа Павлодар облысынан 4 спортшы қатысқан еді. Солардың ішінен Павлодар қаласындағы Қайырбаев атындағы ұлттық спорт клубының спортшысы Санжар Айтбай асық атудың блиц түрінен чемпион атанды.
— Блиц чемпионатқа алғаш рет енгізілді. 40-қа жуық асықшы төрт топта ойнап, жеңімпаздары жартылай финалға өтті. Мен жеңіске жетіп, финалда Жамбыл облысы споршысымен ойнадым. Ойын текетіреспен өтіп, 8:7 есебімен қарсыласты ұттым, — дейді Санжар телефон арқылы хабарласқанда.
Санжар Айтбай — қазіргі уақытта С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің І курс студенті, келешекте ауыл шаруашылығы саласы маманы болады. Асықшы жігіттің ұлттық спорттағы толайым жетістіктері әлі алда деп білейік.
Ж. Бұланбай