Таңертеңгісін көше тазалап жүрген немесе алып көлікке қоқыс тиеп жатқан жұмысшылар жұмысқа бара жатқан әрбір екібастұздық үшін үйреншікті көрініске айналған. Енді бір жұмысшылар аялдаманы мұнтаздай етіп жуып жатады. Нағыз еңбек адамы, нағыз адал тер иелері осы адамдар емес пе.
Таяуда тазалық жұмысын атқарып жүрген су жаңа машинаны көзіміз шалды, иесі «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС екенін бүйіріндегі жазуынан білдік. Бұл кәсіпорын көліктерінің Баянауылда өткен Қ.Сәтбаев мерейтойының тазалық шаруаларына да араласқанын байқағанбыз.
Нақтылай келсек, «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС биыл бес бірдей жаңа техникамен толығыпты. Олардың екеуі – артқы тиегіші бар MAZ қоқыс тасығыш көлігі, екеуі — кіріктірілген жол машиналары, біреуі — вакуумды машина. Вакуумды көлік сұйықтықтарды сорып, тасымалдауға арналған. Көліктің мұндай түрі төтенше жағдайлар мен коммуналдық апаттар кезінде таптырмайды.
Көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген тазалық кәсіпорындарының бірі — «Екібастұзкоммунсервис» базасындағы жаңашылдықтар шахталы шаһар келбетін көркемдей түсеріне сеніміміз мол.
Ж.АЙДОС