Қала әкімдігінде көпбалалы аналарды марапаттау салтанаты өтті. Бұл күні қала әкімі Аян Бейсекин алты бала туып, тәрбиелеген алтын құрсақты аналарды марапаттады. Өңірімізде жыл басынан бері «Алтын алқа» және «Күміс алқа» 30-дан аса әйелге берілген екен. 1857 жанұя көпбалалы отбасы ретінде арнайы әлеуметтік көмек алып отыр.

Балаларға қамқорлық таныту мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі екенін айтқан қала басшысы Екібастұз өңірінде балалар үшін жасалып жатқан игілікті істерге тоқталып өтті. Содан соң Ақмарал Ахмедова, Әлия Ысқақова, Аягөз Құлахметова, Айгүл Мақашева, Перизат Тажихуразова, Нұрқыз Исламоваға күміс алқа тақты. Аналардың құрметіне Марат Ахаев, Мерейім Құзайыр өнер көрсетті.
Ақмарал Ахмедова Екібастұзға 2019 жылы Астана қаласынан көшіп келіпті. №2 емханада жұмыс істеген ол қазір бала күтімімен уақытша үйде отыр. Тұңғышы жиырма жасқа толыпты.
Ал Нұрқыз Исламова Алматы қаласынан қоныс аударыпты.
— Мемлекеттік бағдарлама аясында көшіп келдік. Мен бала күтімімен үйде отырмын. Отағасы — кәсіпкер, қазіргі уақытта өңірдің экономикалық дамуына атсалысуда, — дейді батыр ана.
Кенже ҚУАТ