Зеленая роща ауылында жергілікті мектепке жапсарлас ғимарат салынып жатқаны жайлы газетіміздің 15 тамыздағы №33 санында жарияланған «Меценат Манат» атты мақалада жазған едік. «Жақсы іс көрмек үшін» демей ме, 30 тамыз күні өңірімізге жұмыс сапарымен келген аймақ басшысы Асайын Байханов Ақкөл ауылдық округінің Зеленая роща ауылына көлік басын бұрып, Қажыбек Алғамбаров атындағы негізгі мектепті аралап, ауыл қарттарымен әңгіме-дүкен құрды.

Іші-сырты жарқыраған оқу ордасы жаңа оқу жылына әзір екен. Пән кабинеттерін аралап шыққан аймақ басшысы мектептің жаңа бөлігіне галерея арқылы өтіп, құрылыстың қалай жүргізілгені, сапасы жайлы сұрады.
— Көлемі — 140 шаршы метр, төрт бөлме. Екі аралық галереямен жалғастырылды. Бұл оқушылардың кіріп-шығуына ыңғайлы болмақ. Құрылысқа жалпы 36 миллион теңге қаражат жұмсалды. Кірпіш қабырғалар арасына жылу ұстайтын пенопласт салынып, әр бөлмеге қос радиатордан орнатылды. Мектеп қазандығының қуаты қосымша ғимаратты жылытуға жеткілікті, — деді Манат Алғамбаров — қалалық мәслихат депутаты, «Табыс» шаруа қожалығының басшысы.
Қосымша құрылыс 1964 жылы салынған ескі мектептің орнында жүргізілгенін айта кету ләзім. Мектептің жаңа бөлігінде бастауыш сынып оқушылары оқитын болады. Ол үшін үш бөлме арналып, жаңа жиһаздармен жабдықталыпты.
Облыс әкімі Асайын Байханов пен өзге де лауазымды қонақтар бұдан соң мектептің жаңа бөлігінде ашылған музейде болды. Аз уақыттың ішінде мектеп музейіне біршама жәдігер жиналыпты. Сөз арасында айта кетелік, музейдің экспонаттар қоры алдағы уақытта толығатыны анық. Сол күні-ақ кезінде осы мектепте ән-күй пәні мұғалімі болған Жаңыл Қорғанбаева музейге саквояж, жез қоңырау сияқты заттарды табыс етті.
Аймақ басшысы да тарту-таралғы ала келіпті. Асайын Қуандықұлы мектеп директорына 30 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Аталмыш қаражат мектепті көркейтуге жұмсалады.
Ауыл қарттары атынан сөз алған мемлекеттік қызмет ардагері Қабылқайыр Райымқұлов, ардагер ұстаз, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Сәмет Зайырбаев облыс және қала басшылығының әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларды шешудегі қадамдарын құптап алғыс айтты.
Сөз соңында айтарымыз, туып-өскен жеріне туын тігіп көркейтуді мақсат еткен Манат Алғамбаровтың әлі де талай жасампаз істерге ұйытқы болары кәміл.
Ж. Жәлелұлы