Екібастұз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сандуғаш Қымызкенова мен эпедемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің басшысы Бақыт Бекпаева балабақша медбикелері үшін семинар өткізді. Семинарда балабақшадағы тазалық пен қауіпсіздік, таңғы фильтр тақырыптары қаузалып, көкжөтел туралы егжей-тегжейлі мағлұмат берілді.
Бақыт Төлеубайқызының айтуынша, қызылша мен көкжөтел сияқты жұқпалы дерттердің тарауына екпе алмаған балалар ықпал етуде.
Семинарда балабақша медбикелері ата-аналардың емханалардан балаларын қабылдауға апармай-ақ денсаулық туралы анықтама алатынына наразылық білдірді.
— Балалар үйде аз ғана емделіп, топта жөтеліп жүреді. Бірақ ата-аналары мұны «жөтелдің қалдығы» деп, дәрігер берген анықтаманы желеу етеді. Жөтелген балалар, әрине, сау балалардың ата-анасының наразылығын тудырады, — дейді медбикелер.
Мамандар бұл орайда суық тиген немесе вирус жұқтырған балалар кем дегенде бір аптадан он күн аралығында емделуге тиістігін айтты.
Мамандар дабыл қақса қаққандай, Павлодар облысында көкжөтелдің тіркелу көрсеткіші айтарлықтай екен: 1 тамызға 105 науқас тіркелген. Аурудың ең жоғарғы көрсеткіштері 1 жасқа толмаған балалар арасынан байқалған (35), 1 жас пен 5 жасар балалар саны — 55. Ауру жұқтырған балалардың 89 пайызы — көкжөтелге қарсы екпе алмағандар. Олардың ішінде 71 баланың (68 пайыз) ата-анасы екпеден бас тартса, 19-ы медициналық көрсеткіштеріне байланысты кейінге шегерілген, екеуінің жасы екпе мерзіміне сай келмеген.
Ж. АЙДОС