Қалалық аурухана ұжымы ардагер дәрігерлерге құрмет көрсетті. Аурухана басшысы Мұхамедқайыр Андосов медицина саласына көп жыл еңбек сіңірген тәжірибелі мамандардың қызметіне алғыс айтты.
Бұдан соң педиатр маман Бақыт Әдиеваға «Еңбек ардагері» төсбелгісін тақты. Содан кейін осы ауруханада елу жылға жуық жұмыс істеген Асқар Сабырхановтың иығына шапан жауып, басына бөрік кигізді.
— Нағыз қиын жылдары сіздер медицина мамандығына адал екендіктеріңізді дәлел-дедіңіздер. Жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, тәжірибе бөлістіңіздер. Өңірдегі медицинаны өркендетуге атсалыстыңыздар. Сіздер кейінгі буынның көз алдында нағыз дәрігердің кіршіксіз бейнесін қалыптастырдыңыздар. Сол үшін сіздерге зор алғыс, — деді ол құттықтау сөзінде.
Асқар Жәкенұлы медицина институтын бітірген 1976 жылдан бері осы ауруханада еңбек етіп келеді. Кеңес Одағы тұсында алты жыл Алжир, Йемен, Нигерия, Сауд Арабиясы, Франция секілді бірқатар елге барып қызмет көрсеткен. Қызметімен көзге түскен тәжірибелі маманды Халықаралық медициналық ұйымға, Франциядағы доктор Дюпен клиникасына жұмысқа шақырған екен. Туған жерін сағынған әрі ұжымын қимаған А.Сабырханов елге келіп, ауруханадағы қызметін жалғастырды.

Аурухана басшысы М.Андосов сөз арасында Асқар Сабыр-хановтың француз тілін жетік білетінін айтып өтті. Одан басқа араб, ағылшын, сонымен қатар, батыс Африканың жергілікті халқы қолданатын хауса тілін меңгерген.
— Алдыңа келген науқастың тілін білу маңызды, — дейді сол жылдарды еске алған ардагер дәрігер.
Асқар Сабырхановтың жұбайы да дәрігер, көп жыл СПИД орталығын басқарған Сәлима Тұяқбайқызы бүгінде зейнет демалысында. Жарты ғасырға жуық бір кәсіпорында тапжылмай қызмет еткен дәрігерге екі жыл бұрын «Еңбек ардагері» атағы берілген болатын.
Бақыт Әдиева Семей медицина институтын бітірген соң Екібастұзға келді. Әр жылдары балалар дәрігері, УЗИ маманы болып жұмыс істеді. Құрметті демалысқа шықса да, дәрігерлік қызметін жалғастырып келеді.
Г.Қуатбайқызы