Қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қиын да жауапты қызмет атқарып жүрген судья және сот, полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қалалық әкімдікте аталып өтті. Салтанатты шарада сөз алған қала әкімі Аян Бейсекин аталған сала қызметкерлерін құттықтап, тілегін білдірді.
Мемлекеттік қызмет, сот жүйесі, құқық қорғау сала-сындағы адал қызметі үшін бірқатар азамат марапатқа ие болды. Соның ішінде Павлодар облысы әкімінің құрмет грамотасымен Шідерті поселкесі әкімі аппаратының бас маманы Қарлығаш Ақажанова марапатталса, тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Ақылтаевқа, экономика және қаржы бөлімі секторының меңгерушісі Әсемгүл Жангелдинаға облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Мемлекеттік қызмет ардагері, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақтыгүл Бұлқайырова мен Екібастұз қалалық сотының төрағасы Руслан Сәрсен, мемлекеттік қызмет ардагерлері Бәтижамал Түсіпова мен Өтен Токуров, Екібастұз қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Төлеген Құдайбергенов «Екібастұз қаласы алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.
Төсбелгі иесі — Бәтижамал Түсіпова мемлекеттік қызметке 90-шы жылдары кіріскен. Мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі бөлімнің басшысы болған ол зейнетке шыққан соң да бірнеше жыл білім бөлімінде аудармашы қызметін атқарды. Он шақты жыл мемлекеттік қызмет ардагерлері кеңесінің төрағасы болды. Билер алқасының мүшесі ретінде медиаторлық қызмет атқарып, ажырасу процестерінде ымыраға келтіру, татуластыру әрекеттеріне қатысты. Бүгінде «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің, қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Замандастар — құрдастар» ансамблінің белсенді мүшесі.
Бұдан әрі еңбегімен ерекшеленген жандар қала әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хатын, сондай-ақ, қалалық мәслихаттың грамоталарын алды. Әннен шашу ала жеткен өнерпаздар Сұңғат Көпежанов, Алтынгүл Бақытхан, Әнуарбек Әділов, Захан Нұрмағанбет кеш қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Г.Қуатқызы