Денсаулық сақтау саласында қосалқы, елеусіз рөлдер жоқ: адам өмірі мен денсаулығы үшін күрестің табысты болуы әрбір маманға байланысты. Адам жанына араша түсіп, денсаулық түзеу ісінде дәрігерлерден кем орын алмайтын аса жауапты мамандық иелері — медбикелер. Көп нәрсе медбикелердің қолында: бірде-бір емхана мен аурухана медбикесіз жұмысын өрбіте алмайды.
Науқас жанына инесімен де, ақ көңілі-мен де шипа сыйлайтын жандардың бірі — Шідерті дәрігерлік амбулаториясында аға мейірбике болып еңбек етіп жүрген Меруерт Жұмабекова.
Меруерт Қасенқызы Екібастұз медициналық училищесін 1992 жылы медбике мамандығы бойынша бітірген. 1992-1999 жылдары Екібастұз орталық ауруханасында қызмет етті. 2002-2007 жылдар аралығында Шідерті ауылдық уаскелік ауруханасында медбике болып істеді. 2007 жылдан бастап аға медбике қызметінде.
Ауылдық жер болғандықтан, Меруерт Қасенқызына көптеген ұйымдастырушылық мәселелермен айналысуға тура келеді. Бүгінгі таңда пациенттерді дер кезінде ақпараттандырып отыру да аса маңызды. Бір сөзбен айтқанда, қала мен ауыл арасында алтын көпір бола білу керек.
Қызмет көрсетудің өзге де салалары сияқты, денсаулық сақтау саласы да цифрланып, ақ халатты мамандардың жауапкершілігі еселене түскен жайы бар. Уақыт ағымына ілесе, жаңашылдықтарды игеру үшін Меруерт те мейірбикелердің біліктілігін арттыру курстарында кәсіби білімін жетілдіріп отырады. Тәжірибелі маман жас әріптестеріне үнемі көмектесіп, білгенін үйретуден жалыққан емес.
«Адам жүрегіне қуаныш сыйлау — емдеу ісінен кем түспейтін маңызды іс», — демеуші ме еді «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінің қаһарманы — дәрігер Лавров. Меруерттің де жұртшылық жүрегіне шуақ шашып, шипа іздеген жандарды қуантып келе жатқанына 32 жылдың жүзі болыпты. Осы жылдар ішінде ол ұйымшыл ұжымның берік кірпіші болып, айналасын мейірім сәулесіне бөлеуде. «Қайырымды, көпшіл, әріптестер мен емделушілер арасында құрметке ие», — дейді ол туралы әріптестері.
Ж. ЖАНДОС