Шиқылдақ ауылы клубындағы есептік жиынға біраз адам жиналды. Бір ғажабы, қала әкіміне сұрақ қойып, мәселе көтерген ешкім болмады. Жиналған қауым белсенділік танытпаған соң, қала басшысы Аян Бейсекин бірқатар жайтқа жұрттың назарын аударды.
Ең алдымен, өрт қауіпсіздігі ескерілуі тиіс. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының малын бағатын бақташы мәселесін шешу керек.
Айтпақшы, халықпен кездесу алдында қала әкімі елді мекенде салынып жатқан екі пәтерлі үйдің құрылысын көрген-ді. Мұндағы құрылыс жұмыстары аяқталуға таяпты. Мердігер ұйым — «Евротехстрой» ЖШС өкіліне сапаға баса назар аудару тапсырылды.
Шиқылдақ ауылында тұрғындардың жайлы тұрмысы үшін қажетті бірқатар нысандар іске қосылған. Соның бірі — заманауи балалар алаңшасы. Енді мектеп жанынан жасанды жабындылы футбол алаңы салынып жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 3400 мың теңге бөлініпті. Мердігер Дәулет Төлеубаев нысан мерзімінде пайдалануға берілетініне сендіріп отыр.
Ж. Бұланбай