Өткен жылы өңір экономикасына 313,7 млрд. теңге инвестиция салынған. Бүгінде өңірде 7 ірі инвестициялық жоба қолға алынып отыр. Жалпы инвестициялау көлемі — 838,2 млрд. теңге.
Осы және басқа да жетістіктерге тоқталған кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Р.Букаев бұл жобалар жүзеге асырылғанда 3 мыңнан аса жұмыс орны ашылатынын мәлімдеді.
Жобалардың ішіндегі көлемдісі — «Mineral Product International» ЖШС қолға алған металлургиялық зауыт құрылысы. Инвестицияның жалпы көлемі — 334,6 млрд. теңге. Зауытқа 1500 жұмысшы маман тартылады.
Аталған кәсіпорын ферроқорытпа зауытын салуға да талаптанып отыр. Жобаның қуаттылығы жылына 160 тонна деп күтілуде. Өңірге 800-ден аса жұмыс орнын ұсынатын зауыт құрылысы екі кезеңнен тұрмақ. Құрылыстың 1-кезеңі 2026 жылы аяқталып, фабрикадағы жоспарланған 8 пештің төртеуі іске қосылады. Ал 2028 жылы қалған төрт пеш қосылып, жобаның қуаттылығы арттырылатын болады. Жоба өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген.
«Ангренсор Энерго» ЖШС-і 100 жұмыс орнын ұйымдастырып, кірпіш зауытын салмақ. 2,5 млрд. теңге инвестиция құйылатын зауыт жылына 80 миллион кірпіш шығаратын болады. «Ангренсор Энерго» ЖШС қолға алған тағы бір жоба — кен-байыту фабрикасы. Мұнда жылына 1 млн. тонна көмір концентраты мен 1,38 млн. тонна көмір өндіріледі деп жоспарланған.
«Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ-да 3-ші энергоблоктың құрылысы басталды. Қуаттылығы 636 МВт құрайтын жоба аясында кәсіпорын 358 адамға жұмыс тауып бермек. Құрылысқа қажетті заттардың алғашқы легі 17 ақпанда жеткізіліпті. Наурыз айының 3-інде тағы тауар келеді. Көршілес Қытай елінен сатып алынатын жалпы салмағы 7 781 тонна тауардың 5 781 тоннасы, яғни, 74,3 пайызы елге әкелінген.
Жобаны ұсынушы компаниялардың көбі жұмысшы мамандықтарына өздері оқытуды көздеп отыр екен. Бұл өз кезегінде азаматтардың жұмысқа орналасуын жеңілдетеді.
Екібастұз — инвестициялық мүмкіндіктері зор аймақ. Өңірге инвестиция тарту экономиканың дамуына оң әсер етері сөзсіз.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ